Өңірлер

Алматыда LRT құрылысы бастала ма – әкімнің жауабы

Қала басшысы LRT-ның құрылыс-монтаждау жұмыстарына шамамен 123 миллиард теңге қажет екенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһарда LRT құрылысының салынуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алдымен қала басшысы бұл құрылысты жүргізу үшін не істеу қажеттігін түсіндірді.

"LRT құрылысы бастала ма, жоқ па, мәселе онда емес. Құрылыс басталу үшін не керек? Құрылыстың қаншаға түсетінін есептеу керек, мәселе сонда. Ол шығындарды кім төлейді? Қазір жасалған жоба бар. Ол жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 123 миллиард теңгеге жетеді. Бұл тек құрылыс-монтаждау жұмыстары ғана", - деді Бақытжан Сағынтаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатынан соң журналистерге.

Осы орайда ол бұл ақша қайдан алынатынын түсіндірді.

"Бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жоба болады. Сондықтан ол қаражат бір жақтан тартылу керек. Тартылған қаражатты қайтару қажет. Оның үстіне, ол ақша өзін-өзі ақтап қана қоймай, пайдасын беруі керек. Сондай-ақ, жолақысы қанша болады деген сұрақ бар? ", - деді Алматы қаласының әкімі.

Оның айтуынша, бүгінде Алматыда троллейбус, автобус, метродағы жолақысына мемлекеттен субсидия бөлінеді. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 30 миллиард теңге тек қана субсидияға жұмсалады.

"Қандай қомақты қаражат екенін көріп отырсыздар ғой. Нақты субсидияға 24-25 миллиард теңге кетеді. Сондықтан, қалада LRT пайда болғанымен, оның жолақысы қымбаттау болады. Оны субсидиялау керек. Осылайша, LRT құны бірнеше есе артады. Сондықтан, біз өз болжамымызды ұлттық экономика министрлігіне жібердік. Қазір олар қарап жатыр", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Тағы оқыңыз: Бақытжан Сағынтаев қанша жалақы алатынын айтты

Осы орайда ол бұл мәселе шешімін тапса, жұмыс қандай бағытта жүргізілетінін атап өтті.

"Министрлік біз ұсынған қаржылық моделді қабылдаса, "қаражатты қайдан аламыз, оны қалай қайтарамыз?" деген мәселені қараймыз. Осы сұрақтар шешілген соң, қаражат алып, уақытында LRT-ны салып бітеміз деген ойдамын", - деп түйіндеді сөзін Алматы қаласының әкімі.