Қоғам

Басшылар қандай жағдайда отставкаға кетуі тиіс – Тоқаев заңға қол қойды

Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға, конкурстық рәсімдерді жетілдіруге, мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін жоғарылатуға, кадр тапшылығын азайтуға ықпал ететін болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша – Sputnik. Бірінші басшыларды өздеріне тікелей бағынышты адамдарының сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін дербес тәртіптік жауапкершілікке тартылуына қатысты заңға қол қойылды.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды", - деп жазылған Ақорда сайтында.

Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға, конкурстық рәсімдерді жетілдіруге, мемлекеттік органдардың кадр мәселесін шешу жөніндегі мобильдікті арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін жоғарылатуға, кадр тапшылығын азайтуға ықпал ететін болады.

Еске сала кетсек, мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиын өткен болатын. Мемлекет басшысы биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті. 

Президент қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап беретінін айтты. Ол кешенді алдын алу шараларын қолға алуды тапсырған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтып, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырды.