Қоғам

Қорғаныс министрлігі Арыс тұрғындарынан қандай шағым түсіп жатқанын айтты

Генерал-майор Тимур Дәндібаев Арыс қаласындағы зарылғыш заттарды жою барысында қауіпсіздік шаралары толығымен сақталатынын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша – Sputnik. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Арыс тұрғындарынан әлі де шағым түсіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тимур Дәндібаев қала-аумағынан оқ-дәрілердің қалдықтары әлі табылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, олардың жарылу қаупі жоқ.

"Тұрғындардан әртүрлі шағымдар түседі. Олар оқ-дәрілердің фрагменттерін тауып алғанын айтады. Біз жедел әрекет ету тобымен ол жерге барып, оқ-дәрінің көзін жою үшін оны басқа жерге апарамыз. Қазіргі таңда Арыс қаласының тұрғындарына және елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Осы орайда қорғаныс министрінің орынбасары бүгінде әскери мамандар Арыстағы оқ-дәрілер сақталған базаны тазалауға кіріскенін жеткізді.

"Табылған және тасымалдауға келмейтін фрагметтерді бірден жоямыз. Мамандар тиісті жұмыс жүргізіп, қауіпсіздік шараларын сақтайды. Жарылғыш заттарды жоюға арналған әдістеме бар. Қала инфрақұрылымы мен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін тиісті жұмыс жүргізіледі", - деді Тимур Дәндібаев.

Оның айтуынша, соңғы уақытта осындай әдіспен оқ-дәрінің 3 фрагменті жойылыпты.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Тағы оқыңыз: Назарбаев Шымкенттегі жұртты шулатқан оқиға жайлы: Бір нәрседен қорқамыз ба?

Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

11 қазанда Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери бөлімнің инженерлік қызметінің басшысы көз жұмды.