Қоғам

Қазақ өнерінің абыз анасы 103 жасқа қараған шағында дүниеден озды

Айша Абдуллина ұлттық драматургия мен әлемдік классиканың жауhарларында бір-біріне ұқсамайтын 100-ден аса саxналық бейнені сомдады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Бүгін 103 жасқа қараған шағында көрнекті театр және кино актрисасы, саңлақ саxнагер, Қазақстанның халық әртісі , "Парасат", "Құрмет белгісі", "Ұлы Отан соғысының ардагері" ордендерінің иегері Айша Абдуллина өмірден өтті. Қаралы хабарды Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры, Қазақстан Театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров жеткізді.

Айша Абдуллинаның өмірбаяны

1916 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Көрнекті сахна шебері 1935 жылы Қазақ мемлекеттік драма театры жанындағы 2 жылдық студияны аяқтайды. Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында шығармашылық еңбек жолын бастайды.

1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің он күндігінде Жамбылдай жыр алыбы, Күләш Бәйсейітова, Қ.Жандарбековтердің жанында бірге өнер көрсетеді. Декада қорытындысы бойынша И.В.Сталиннің қолынан "Еңбек Қызыл Ту" орденін алады.

"Қазақ театр өнерінің тарихында Айша Абдуллина тұңғыш рет Дездомана бейнесін сомдады. Кейін Шымкент қаласына қоныс аударып Ж.Шанин атындағы академиялық театрында 65 жыл бойы үзіліссіз актриса болып қызмет етті", - деп атап өтті Асхат Маемиров.

Оның мәліметінше, орындаушылық диапазоны кең актриса ұлттық драматургия мен әлемдік классиканың жауhарларында бір-біріне ұқсамайтын  100-ден аса саxналық бейнені сомдап, әйелдер бейнесінің толыққанды галереясын жасады. Солардың ішіндегі өнердегі бойтұмары - Еңлік, Қызжібек, Дездемона бейнелері еді.

Алматыда Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салды - фото

Жас буын үшін үлгі бола білген Айша Абдулинаның  бір ғасырлық мерейтойы – елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында салтанатты жағдайда аталып өтті. Айша апа халқына ақ батасын беріп, ән мен жырдан шашу шашты.

Ұзақ жылғы өнер мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін ҚР Тұңғыш президенті - Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болды. "Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы" атағын алды.

Марқұммен қоштасу рәсімі 28 қараша күні, сағат 09.00-де М.Әуезов театрында өтеді.