Оқиға

Елімізде Өзбекстанның екі мың азаматы көші-қон заңнамасын бұзған

Қазақстанның ішкі істер министрлігі өзбек әріптестерімен бірге алғаш рет "Нелегал" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Елімізде жүріп-тұру ережелерін бұзғаны үшін екі мыңнан астам Өзбекстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Қазақстанның ішкі істер министрлігі көші-қон қызметі комитеті.

427 азаматтың Қазақстанда жүріп-тұру мерзімі қысқартылды, 186 Өзбекстан азаматы елден шығарылды. Қылмыс үшін Өзбекстан тарапынан іздеуде жүрген 3 адам ұсталды.

"Бірлескен операция 18-22 қараша аралығында Өзбекстан азаматтарының көші-қон заңнамасын бұзуының алдын алу, азаматтардың еліне өз еркімен оралуына жәрдемдесу, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу және іздеуде жүрген адамдарды анықтау мақсатында өткізілді", - делінген ақпаратта.

Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін төрт күн ішінде 56 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ 218 шетелдік қабылдау-тарату орындарына қамалды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 6 қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, Қазақстан ішкі істер министрлігі Өзбекстанның 83 азаматына қатысты реадмиссия тәртібінде өз еркімен қайтару бойынша сұрау салу бастамасын көтерді. Бұндай барлық адамға қайтып оралуға куәлік берілді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанға келетін шетелдік азаматтар нені білуі керек

Қазақстан тарапы бірлескен міндеттерді шешу, Өзбекстан азаматтарына құқықтық көмек көрсету үшін жағдай жасады. Шетелдіктерді шекараға жеткізу үшін автобустар ұсынды, арнайы машиналармен алып жүру қамтамасыз етілді.

Өз кезегінде, өзбек әріптестер азаматтарының мәселесін дер кезінде шешу үшін Өзбекстанда штаб құрды. Операция барысында Қазақстандағы Өзбекстанның дипломатиялық өкілдігінің қызметкерлері белсенді жұмыс жүргізді.

Көрші елдің мамандары көші-қон қызметі орталықтарының қызметімен танысты. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының полиция департаменті қабылдау-тарату орындарындағы адамдарға консультациялық көмек көрсетті.

Операция аяқталғаннан кейін өзбек тарапы Қазақстанның ішкі істер министрлігіне азаматтарының мүдделерін қорғауға бағытталған мәселелерді шешуге көмектескені үшін алғыс айтты. Тараптар осындай операцияларды тұрақты негізде жүргізу туралы уағдаласты.