Саясат

Тоқаев мемлекеттік орган басшыларының сыртқы қатерге дайындығын тексерді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігінде өткен стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына қатысты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қараша – Sputnik. Бүгін қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қорғаныс министрлігінде стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Шараға мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Оқу-жаттығу барысында елімізге төнетін сыртқы қатерлерді болдырмау үшін әскери және әскери емес сипаттағы мемлекеттік шараларды жүзеге асыру мәселелері пысықталды", - делінген ақпаратта.

Мемлекет басшысына оқу-жаттығулардың негізгі міндеттері мен кезеңдері туралы мәлімет берілді. Аталған оқу-жаттығулар қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының қорғаныс жүйесі мен әскери қауіпсіздігін сақтау мақсатында ведомствоаралық іс-қимылдарды нығайтуға бағытталған.

Тоқаев мемлекеттік орган басшыларының сыртқы қатерге дайындығын тексерді

Тоқаев әскери қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, сондай-ақ қорғаныс жүйесі алдындағы міндеттерді шешу үшін мемлекеттік органдарды дайындау шараларын жолға қою жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Оқу-жаттығу соңында мемлекет басшысы өздерінің әскери борыштарын атқару кезінде қаза тапқан Қазақстан армиясының сарбаздары мен офицерлерінің рухына тағзым етті.