НҰР-СҰЛТАН, 21 қараша — Sputnik. Ауғанстанда соғысқан қазақстандық ардагерлер Мәскеуде салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.
Наградалар Ресейдің қорғаныс министрлігінің архивінен алынып, елшілікке берілген.
Александр Кашин, Берікбол Құлов, Қошгелді Өміров, Талғат Сахов, Жұмахан Шоңғараев, Әлім Жұматаев пен Бауыржан Мұхаметжаров марапатталды.
"Адамзат тарихындағы кез келген соғыс – трагедия. Қаншама адамның өмірі қиылады. Алайда соғыста ерлік пен батылдыққа да орын бар екенін ұмытпау керек. Бүгін марапат өз иесін тапқан күн ",- деді Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов.
Бауыржан Мұхаметжаров награданы бұл күнге жете алмаған әкесі үшін алды.
"Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен Ауған соғысы ардагерлерінің одағы бірлесе жүргізген жұмыстың арқасында көптен күткен награданы алдық. Бұл медаль біздің отбасымыз үшін өте құнды. Әкем есімде жоқ. Бірақ ол мен үшін әрдайым үлгі болып қалады. Оны мақтан тұтамын", - деді Бауыржан.
Марапаттау салтанатына генерал-лейтенант, Кеңес одағының батыры, Ингушетияның бірінші президенті Руслан Аушев та қатысты. Ол Ауған соғысы туралы шындық пен батырлардың есімдері ұмытылмауы үшін тер төгіп келеді.