Әлем

Дубайдағы көрмеге әлемнің 76 елі әуе техникасын ұсынды

Dubai Airshow 2019 көрмесі 17 қарашада ашылды. Көрмеге 165 ұшақ, тікұшақ пен пилотсыз аппараттар шығарылып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Dubai Airshow 2019 көрмесінде ресейлік Як-130 маркалы әскери ұшақ пен көп мақсатты Ми-38 тікұшағы таныстырылды.

Бірлескен әуе-құрылыс корпорациясының басшысы Юрий Слюсарьдің айтуынша, Дубайда таныстырылған Як-130 ұшағы жан-жақты модернизациядан өткен. Бұл - жай оқу-жаттығу ұшағы емес, кәдімгідей әскери ұшақ. 30 миллиметрлік қосауыз зеңбірегі, басқарылатын зымырандар, реактивті снарядтары және радиоэлектронды қорғаныс құралдары бар. Үш тонна оқ-дәрілерді көтере алады. Максималды жылдамдығы – сағатына 1 050 шақырым. Жерден 12 секундтың ішінде көтеріледі. Көрме кезінде аталған техника ұшу өнерінің барлық талаптарын орындап шықты.

Ал Ми-38 тікұшағында ТВ7-117В маркалы жаңа қозғалтқыштар бар. Навигациялық құрал-жабдықтары да ыңғайлы, арнайы дисплейлер арқылы басқарылады. Композиттік материалдардың бәрі – ресейлік өнімдер.

Ми-38 тікұшағы - Ми-8 бен Ми-26 арасындағы модель. Жылдамдығы – сағатына 290 шақырым. Әскери техника 1 000 шақырымға дейін ұша алады. Экипаж – екі адам. Тікұшақтың максималды ұшу салмағы - 15,6 болса да, тағы 5 тонна жүкті немесе 30 адамды мінгізуге болады. Тікұшақ экстремалды жағдайдағы сынақтан сәтті өтті.

Айта кетейік, Dubai Airshow 2019 көрмесі 17 қарашада ашылған болатын. Оған 76 елден 1 200 компания қатысуда. Көрмеге 165 ұшақ, тікұшақ пен пилотсыз аппараттар шығарылып отыр. Көрме 21 қарашаға дейін жалғасады.