НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Бас прокуратура педофилия үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге арналған заң жобасын депутаттарға таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына өтетін болады. Ал балаларға қатысты жасалған осындай қылмыстар аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады. Мәселен, 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін, кем дегенде, 20 жылға бас бостандығынан айырылады. Немесе өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
"Сосын педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны үшін, жасырып қана қоймай, білім тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіретін болады. Мысалы, интернатта тәрбиеленіп жатқан балаларға қарсы қылмыстарды тәрбиеші жасырған болса, тиісті жауапкершілік болады", - деді Ахметжанов мәжілістің пленарлық отырысында.
Тағы оқыңыз: Тараздағы сұмдық: оқушы қыздың зорлануына қатысты тың деректер шықты
Оның сөзіне қарағанда, осы санаттағы ауыр қылмыстар бойынша татуласуға жол берілмейді. Кінәлі деп танылған адам 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал балаларды зорлағаны үшін жазаның мерзімі 20 жылдан басталады.
"Бұрын балаларды зорлау қылмысы бойынша жаза мерзімі 15-20 жыл аралығында, одан кейін жоғары кете беретін. Енді, тек 20 жыл және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы болады", - деді Ахметжанов.
Айта кетейік, өзгерістердің бәрі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көрсетілген. Бүгін мәжіліс депутаттары осы құжатты бірінші оқылымда қарады.