Оқиға

Жезқазғанда мектепте сабақ кезінде өрт шықты - видео

Өрт еңбек сабағы кабинетінде басталған, өрт сөндірушілерге отты ауыздықтауға бірнеше минут қажет болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша — Sputnik. Жезқазғанда №3 мектепте еңбек кабинетінде өрт шықты, 640 адамды білім ордасынан қауіпсіз жерге шығаруға тура келді. Бұл туралы төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов хабарлады. 

Оның айтуынша, өрт туралы хабарлама "101" қызметіне сейсенбі сағат 11.39-да түскен.

"Оқиға орнына мамандар келген кезде кабинеттегі құрылғылар, жиһаз, ағаш еден мен терезелер өртеніп жатты. Өрт толығымен сағат 12:10-да өшірілді. Оның аумағы 60 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер келмес бұрын мектеп қызметкерлері 640 адамды, оның ішінде 570 оқушыны қауіпсіз жерге көшірді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ", - деді Нұрахметов.

Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан тұтануы мүмкін.

Қызыл жалынды сөндіруге Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің 15 маманы мен 4 техника жұмылдырылған.