Қоғам

Қазақстандық әйел жоғалып кеткен ұлын 25 жылдан соң тапты - видео

Тамархан Кенжеханова құжаттарын реттеу үшін Қазақстанға кетіп, сегіз жастағы ұлын өгей әкесімен Омбыда қалдырған. Ал қалаға келген кезде оларды таппай қалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Қазақстандық әйел Тамархан Кенжеханова туған ұлы Әлішерді 25 жыл бойы іздепті, деп хабарлайды НТВ телеарнасы.

Анасы баласын "Жди меня" бағдарламасы арқылы тапты.

Тамархан Кенжеханова ұлының әкесі Маратпен 1985 жылы Шымкентте танысыпты. Кейін олардың дәм-тұзы жараспай, қарым-қатынастарын үзген екен. Дегенмен Тамархан жүкті болып, Әлішерді дүниеге әкеліпті.

Бес жылдан соң Марат досы Сергеймен бірге Қазақстанға келіп, Тамарханмен татуласуды көздейді. Бірақ бұл ойынан түк шықпайды. Алайда әйелдің Сергейге сезімі оянып, екеуі отбасын құрып, Ресейдің Омбы облысына жұмыс істеуге кетеді.

Тағы оқыңыз: Қарағандыда ұрланған 3 жасар баланың мәйіті табылды

Кейін әйел құжаттармен туындаған мәселені шешу үшін Қазақстанға аттанады. Ал сегіз жастағы ұлын күйеуіне сеніп, қалдырып кетеді. Алайда Тамархан Ресейге оралған сәтте Сергейді де, туған ұлын да таппай қалған. Полицияға хабарласқанымен одан еш нәтиже шықпапты.

"Анам есімде жоқ. Оның мені қалай күткені, тамақ бергені ғана еміс-еміс есімде қалыпты. Бірақ кейін анам жоғалып кетті. "Қайда кетті, не болды?" деген сұрақтарды өзіме қоймаппын. Алайда оның жанымда болмағаны анық есімде қалды", - дейді Әлішер.

Оның айтуынша, Сергей оны Новосібір қаласына алып келген. Алғашында екеуі вокзалда тұрып, бір күні өгей әкесі де жоғалып кетіпті. Осылайша, Әлішер балалар үйінде біраз жыл тұрған екен.

Кейін Сібір кадет корпусына оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң РФ ішкі істер министрлігінің Санкт-Петербор әскери институтында білімін шыңдапты. Осыдан соң жас сарбаз Омбыда әскери қызмет атқарған екен.

Тағы оқыңыз: Қостанай облысында жоғалған оқушының ажалы моншадан болды

Әлішерді бала кезінде асырап алғысы келгендер де болыпты. Алайда ол туған анасымен кездескісі келетінін айтып, есейген кезде анасын іздеуге тырысқан.

"Анамның қандай екенін көргім келді. Достарым таныстары арқылы оның жеке мәліметтерін тауып берді. Олар анамның суретін жібермес бұрын, оның маған қатты ұқсайтытын айтты. Анамның көзіне, бет-бейнесіне мұқият қарауға кеңес берді. Суретке қараған кезде ондағы адамның анам екенін сездім", - деп ағынан жарылды Әлішер.

Анасы мен баласы бір-бірін  "Жди меня" бағдарламасы арқылы тауып, эфирде кездесті. Әлішер жүздесу барысында оның үш қарындасы бар екенін білді.

"Мен сені үлкен, мықты азамат ретінде елестеткен едім. Солай боп шықты. Анама қатты ұқсайсың", - деді оның қарындасы Зарина.