Саясат

Назарбаевтың кеңесшісі Елбасы ұсынысына қатысты түсініктеме берді

Нұрсұлтан Назарбаев "норманд форматы" аясындағы келіссөздерді қолдайды, деп мәлімдеді Қазақстанның тұңғыш президентінің кеңесшісі Әділ Тұрсынов
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "норманд форматындағы" келіссөздерді Ресей мен Украина президенттерінің жеке кездесуіне алмастыруды ұсынған жоқ, деп тұңғыш президенттің кеңесшісі Әділ Тұрсынов Sputnik Қазақстанға түсініктеме берді.

"Нұрсұлтан Назарбаев "норманд форматы" аясында мүдделі тараптардың алдағы жоспарларына қолдау білдірді. Яғни, бұнда төртжақты форматтағы кездесуді "тет-а-тет" келіссөздеріне алмастыру керек немесе жеке жүздесуді бірінші жиыннан бұрын өткізу қажет деген ешқандай ой жоқ", - деді Тұрсынов.

"Норманд форматы", Минск алаңы мен тікелей Ресей-Украина келіссөздері бірін-бірі жоққа шығармайды әрі ортақ процестің өзара толықтыратын құрамдастары бола алады, деп мәлімдеді ол.

Тағы оқыңыз: Украина Назарбаевтың ұсынысына қатысты пікір білдірді

Елбасы кеңесшісінің айтуынша, Назарбаевтың бастамасы Украина президенті Владимир Зеленскиймен де, Ресей басшысы Владимир Путинмен де талқыланған.

"Бұл тұста, келіссөздерге келісім берілсе, тараптар оған дайындалуы тиіс екені мәлім. Біз "кездесу үшін кездесу ұйымдастырудың керегі жоқ" деген пікірді қолдаймыз", - деп түсініктеме берді Тұрсынов.

Қазақстанның тұңғыш президенті "біз үшін көшбасшылардың келіссөздері қай астанада өтетіні маңызды емес" деп бірнеше мәрте айтқан болатын, деді ол.

Әлем саясаткерлері Елбасы ұсынысын қолдайды

Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ресей мен Украина президенттерінің жеке жүздесуі" туралы бастамасын әлемнің көптеген саясаткері мен сарапшысы қолдайды, деп атап өтті Тұрсынов.

"Ресей - Украина күн тәртібінде "норманд форматының" негізгі тақырыбына кірмейтін және Мәскеу мен Киевтің тікелей диалогы барысында шешуге болатын бірқатар маңызды мәселе бар", - деп пікір білдірді Елбасы кеңесшісі.

Оның айтуынша, тұңғыш президенттің ұсынысын өзінің көпжылдық, сәтті бітімгерлік саясатының бір тармағы ретінде қарастыру керек.

Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club диалог алаңындағы пікірсайыс барысында Путин мен Зеленский келіссөздерін Қазақстанда өткізуді ұсынған еді.

Тағы оқыңыз: Назарбаев ұсыныс жасады: Кремльдің жауабы қандай?

Кейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Путин мен Зеленскийге кездесу ұйымдастыруға қатысты ресми құжаттар жіберілмегенін айтты.

Ал Франция, Ресей, Германия мен Украина басшылары қатысатын, Украина дағдарысын реттеу проблемаларына арналған "норманд төрттігі" саммиті 9 желтоқсанда Парижде өтеді деп жоспарланып отыр.