Қоғам

Көлік, мәдениет, медицина: Алматы мен Мәскеу қалай ынтымақтасады

Келісім екі мегаполистің қарым-қатынасын нығайтуға, сондай-ақ денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы, мәдениет саласында тәжірибе алмасуға бағытталған
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 қараша – Sputnik. Алматы әкімдігі мен Мәскеу мэриясы 2020-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі қаланың тұрғындары арасындағы достық пен өзара түсіністікті тереңдетуге бағытталған және өзара әрекеттесудің үш бағытын қамтиды: сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени.

Мәскеу үкіметінің министрі, Мәскеу қаласының сыртқы экономикалық және халықаралық қатынастар департаментінің жетекшісі Сергей Череминнің айтуынша, Мәскеу мен Қазақстан арасындағы сыртқы сауда айналымы жылына 3,9 миллион еуроны құрайды. Дегенмен 2019 жылдың қорытындысы бойынша ол өсуін жалғастырады, оған шикізаттық емес және энергетикалық емес тауарлар үлесінің ұлғаюы да ықпал етуде.  

Сондай-ақ спикер Қазақстанның Ресей астанасына салған инвестициясы 932 миллион еуро болғанын атап өтті.

"Мәскеу мен Алматының өзара инвестициялары шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында тікелей байланыс орнатудың арқасында артып келеді. Мәскеуде қазақстандық капитал салынған 50 компания тіркелген", - деді Черемин.

Меморандум Мәскеу мен Алматы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты және инвестициялық өзара әрекеттестікті жандандыру бойынша бірқатар шараны қарастырады.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, мегаполистер әкімшілігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында, көлік инфрақұрылымын, денсаулық сақтау және мәдениетті дамыту бойынша белсенді тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.

"Бүгін біз екі қаланың қарым-қатынасы тарихындағы маңызды оқиғаның куәсі болдық. Біздің қонақтарымызға қаламыздың мәдениетімен танысуға​​ерекше мүмкіндік берілді. Меморандумға қол қою көптеген саладағы қатынастар мен жемісті ынтымақтастықты одан әрі нығайтады деп сенемін", - деді Бабақұмаров.

Сонымен қатар, Мәскеу мен Алматы жастар мен оқушылардың форумдарға, конференцияларға және фестивальдерге қатысуына көбірек көңіл бөлуге, сондай-ақ спорттық ұйымдар арасында тікелей байланыс орнатуға көмектесуге ниетті.

Екі мегаполистің ынтымақтастығында жеке тармақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойына арналған іс-шараларды қамтиды.

"Мәскеу мен Алматыны қазақстандық дивизияның Мәскеу үшін болған шайқаста жеңіске қосқан үлесі тығыз байланыстырады. Мәскеу мен Алматыда аты аңызға айналған 316-шы атқыштар дивизиясын құрып, оны ақтық демі қалғанша басқарған генерал Иван Панфиловты ерекше еске алады", - деп атап өтті Сергей Черемин.

Еске сала кетейік, Алматыда 15-16 қарашада Мәскеудің мәдениет күндері өтеді.

Мәдени бағдарлама аясында бокстан жастар құрамалары арасында турнир өтеді, қала орталығында екі мегаполистің достығына арналған өнер нысаны ашылады, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Мәскеу мен Алматы қарым-қатынасының қалыптасу тарихы туралы фотокөрме ұйымдастырылады.