НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының мәслихат депутаттары елорданың 2019-2021 жылдарға арналған бюджетін нақтылап бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайрат Маңқараев Нұр-Сұлтан қаласының бюджетін нақтылау Қазақстан Республикасы бюджет кодексінің 106-бабы, 4-тармағына сәйкес әзірленгенін атап өтті.
"Біз кірісті арттыру жолдарының резервін қарастырдық. Жеке табысты өсіру жоспарын 281 миллиард 458 миллион теңгеден 286 миллиард 237 миллион теңгеге, яғни 4 миллиард 779 милллион теңгеге арттыруды ұсынамыз. Бұл - салық түсімдеріне жатпайтын қаржы әрі оған негізгі капиталдың түсімдері кіреді", - деді ол Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 57-ші кезектен тыс сессиясының отырысында.
Осы орайда ол бюджеттік бағдарламаның шығындары қалай есептелгенін түсіндірді.
"Қала әкімдігінің аппаратына – 75 миллион теңге, еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау саласына – 234 миллион теңге, білім басқармасына – 2,91 миллиард теңге, құрылыс және тұрғын үй саясатына – 750 миллион теңге, қалалық орта сапасы және бақылауға – 32 миллион теңге, мәдениет және спортқа – 484 миллион теңге, инвестиция және кәсіпкерлікті дамытуға – 477 миллион теңге, көлік және инфрақұрылымға – 1,342 миллиард теңге, регенерацияға – 1 миллард теңге бөлінеді", - деді басқарма басшысы.
Тағы оқыңыз: Жыл басынан бері халықтың табысы қаншаға өскені белгілі болды
Оның айтуынша, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастарына – 21,3 миллион теңге, бюджетті стратегиялық жоспарлауға – 23 миллион теңге, Байқоңыр әкімдігінің аппаратына көшені және паркті жарықтандыруға – 125 миллион теңге, қалалық аппарат әкімдігіне аудан әкімдігі қызметін жетілдіруге – 50 миллон теңге, мемлекеттік сатып алу және активтер басқармасына – 70 миллион теңге, қаржы басқармасына – 9 миллон теңге бөлінеді.
"Осылайша, елорданың 2019 жылға нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 471 миллиард теңгені құрады. Нақтыланған бюджеттің нақты сомасы 45,7 миллиард теңгеге артты", - деп түйіндеді сөзін Қайрат Маңқараев.
Қалалық мәслихат депутаттары елорданың 2019-2021 жылдарға арналған бюджетін бірауыздан қолдап бекітті.