НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Түркістан облысында ата-анасы бір ай бойы іздеген оқушы қызды Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің лейтенанты Сансызбай Демеу тапты, деп хабарлады Отырар.
Мақтаарал АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, 2003 жылы туған қызы 11 қазан күні сағат 10:30-да Шымкент қаласына кетіп, содан қайтып оралмағанын айтқан. Осыдан соң полиция бөлімінің барлық жеке құрамы бірден кәмелетке толмаған қызды іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды.
Тағы оқыңыз: Жиырма жыл бұрын жоғалған қыз ата-анасымен қауышты – видео
Полицейлер кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын атқарып, жоғалған қыз барады-ау деген орындарды тексеріп, куәгерлерден сұрастыру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ Түркістан облысының және Шымкент қаласының барлық полиция бөлімшесіне жоғалып кеткен қыз туралы хабар берілген.
Бір аптадан кейін Мақтаарал АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілі, полиция лейтенанты Сансызбай Демеу Шымкент қаласының көшелерінің бірінен қызды тауып, оны ата-анасына дін аман қайтарды.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері оқиғаның қалай болғанын анықтауда.