НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстан халқының нақты табысы 6,4 процентке өскен. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Халықтың нақты табысы 6,4%-ке өсті", - деді министр үкімет отырысында.
Айтуынша, қаңтар-қазан айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4%-ке жеделдеген.
"Экономика өсіміне инвестициялық белсенділік, ішкі сұраныстың, шағын және орта бизнес үлесінің ұлғаюы, өнеркәсіптің кіші салаларындағы өсім, сонымен бірге мұнай өндірудің қалпына келуі әсер етті", - деді ол.
Есепті кезеңде инвестициялар 8,2%-ке өскен. Ал ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,5%-ке дейін артты. Өнеркәсіп өндірісі де орнықты өсу үрдісін сақтап отыр. Мұнай өндіруді қалпына келтіру есебінен кен өндіру өнеркәсібінде өсім 3,7%-ке артты.
"Қаңтар-қыркүйек аралығында сыртқы сауда айналымы 1,5%-ке өсіп, 70,4 миллиард долларды құрады. Экспорт – 42,7 миллиард доллар, ал импорт - 27,6 миллиард доллар", - деді министр.
Дәленов экономика өсімін одан әрі қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардан мынадай шараларға баса назар аударуды сұрады:
- Бірінші, экономиканың базалық салаларында және өңірлерде қол жеткізілген өсу қарқынын төмендетпеу;
- Екінші, жергілікті жерлерде азық-түлік бағасын ерекше бақылауға алу;
- Үшінші, құрылыс нысандарын мерзімінде аяқтау;
- Төртінші, инвестициялық жобалар бойынша бюджет қаражатының толық игерілуін қамтамасыз ету.