Қоғам

"Сау жерім қалмады": жазылмайтын ауруға шалдыққан астаналықтың әңгімесі

Дермотолог Әсем Саудашева тері ауруларының алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, жылына бір рет дәрігерге қаралуға кеңес берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik, Дәурен Ерболат. Нұр-Сұлтан қаласының 31 жастағы тұрғыны Әділбек Бейназаров жазылмайтын тері ауруы – псориазға қалай шалдыққанын және бұл дертпен күресудің қандай жолдары бар екенін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.

"Нақты диагнозын қоя алмады"

Әділбек Бейназаров (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді – Sputnik Қазақстан) псориазға бала кезінде шалдыққан. Алғашында шынтағында пайда болған бөртпелер бірте-бірте көбейіп кеткен.

"Мен – Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. Балалық шағым Зайсан ауданындағы ауылда өтті. 2002-2003 жылдың жазында шынтағымда бөртпе пайда болып, ол көбейе берді. Ол кезде 5-6 сыныпта оқып жүрдім. Уақыт өте басымда, бетімде, құлағымда пайда болды. Ол денемнің 80% алып, сау жерім қалмады. Қотыр қышып, мазам қашты", - дейді астаналық тұрғын.

Бұл жағдайдан кейін ата-анасы Семейдегі тері ауруларын емдейтін ауруханаға алып барады. Ондағы дәрігерлер дерттің нақты диагнозын қоя алмай, біраз әуре-сарсаңға түскен.

"Ауруханада 40 күн жатып, ем қабылдадым. 2 апта бойы дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады. Күн сайын қотыр қышып, оны қасыған сайын, көбейе берді. Дәрігерлер екпе салып, иммунитетімді көтерді. Қотырыма крем, жақпа май жақты. Бұл ем маған қатты көмектесе қойған жоқ. Соңында дәрігерлер "псориаз" деген диагноз қойды", - дейді Әділбек Бейназаров.

Тағы оқыңыз: "Бәрі басқаша болар еді": жасанды жүрекпен жүрген алматылық өкінішін айтты

Әділбек сол жылы ауруына байланысты мектепке бара алмайды. Ол кезде ойын баласы болған соң, дерті туралы көп уайымдамаған. Тек үстіндегі қотыр ыңғайсыздық тудырғанын айтады.

Әділбек Бейназаровты әкесі 2004 жылдың жазында Алакөлге апарады.

"2004 жылы марқұм әкем мені Алакөлге апарды. 20-22 күн суға шомылып, ем қабылдадым. Барлық қотыр кетті. Бұған мен қатты қуандым" - дейді ол.

Ауру қай кезде асқынады

Әділбек Бейназаров қоғамдық моншаға бармайтынын, шашын өсірмейтінін айтады. Дерті күн суығында асқынады екен.

"Күн суып, қыс түскенде қотыр пайда болады. Осы уақытта жұмысым да, қимыл қозғалысым да азаяды. Оған менің көзім жетті. Жазда күннің астында жүргенде қотыр мүлдем шықпайды. Шашымды алып тастаймын. Себебі, шашым сәл өссе, қотыр пайда болады", - дейді астаналық тұрғын.

Ол жүк тасымалы саласында еңбек етеді, өзінің жеке жүк көлігі бар. Қазақстанның барлық өңірін аралаған.

Осы орайда ол салауатты өмір салтын ұстап, ауру туралы көп уайымдамайтынын атап өтті.

"Шынымды айтайын, 4 жыл бұрын қотырды көрсем, бетін тырнап, алып тастайтынмын. Оны алған сайын қотыр көбейе беретін. Қазір оған мән бермеймін, көңіл күйім де түспейді. Құдайға шүкір, 12 мүшем сау, қол-аяғым бүтін. Арақ ішіп, темекі тартпаймын. Әйелім мен балаларымды асырап жүрмін. Бұл Алланың маған берген сынағы шығар", - дейді ол ағынан жарылып.

Бұл аурудың емі табылған жоқ

Елордадағы жеке клиникада жұмыс істейтін аллерголог, дерматолог Әсем Саудашева псориаз емі табылмаған тері ауруының қатарына кіретінін тілге тиек етті. Бұл дерт жұқпалы емес. Бірақ науқасқа қолайсыздық тудыруы мүмкін.

"Сау жерім қалмады": жазылмайтын ауруға шалдыққан астаналықтың әңгімесі

"Псориаз – созылмалы ауру. Ол күйзеліс, іштегі зат алмасуының бұзылуынан пайда болуы мүмкін. Оны емдеу қиын. Себебі, емі жоқ аурулардың қатарына кіреді әрі тұқым қуалайды. Бұл дерт алғашында шынтақта бөртпе түрінде шығады. Кейін оның бетінде ақ қабыршақтар пайда болады. Дәрігерлер оны алғашында грибокпен (тері ауруы) шатастырады. Бірден нақты диагноз қоя алмайды. Егер дертті уақытында емдесе, қотырлар бірнеше жылға дейін кетпей тұруы ықтимал", - дейді ол.

Дәрігерлер диагнозды тиісті медициналық сараптама шыққан соң ғана жорамалдап қояды.

"Псориазға шалдыққан науқастар дертін асқындырмай, бірден дәрігерге қаралуы керек. Егер науқас псориазды асқындырып алса, ол дәрігердің бақылауында стационарда емделуі қажет. Сондай-ақ олар қатаң диета сақтауы шарт. Оларға фаст-фуд, йогурт, нан, тәтті тағамдарды жеуге, әрі газдандырылған және энергетикалық сусындарды ішуге болмайды", - дейді Әсем Саудашева.

Сөз соңында ол қазақстандықтарға дұрыс тамақтануға, жылына 1-2 дерматологқа баруға кеңес берді.

"Тері мен беттің тазалығы адамның ішкі ағзасы: бауыр, асқазан, ішекке байланысты. Сондықтан жылына бір рет УДЗ-ға (УЗИ) түсіп, бауырды тексерту қажет. Дұрыс тамақтансақ, денсаулығымыз да зор болады. Жылына бір рет дәрігерден ақыл-кеңес алып тұрған артық етпейді", - деп түйіндеді сөзін дерматолог.