НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Түркістан облысында 26 бұрынғы полицей сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы) ІІД тіркеу-емтихан бөлімінің бұрынғы бастығы А. Жаппаровқа, мемлекеттік жол инспекторлары бағынатын үш аймақтық және бір қалалық бөлім деңгейдегі ТЕБ басшыларына, облыстық полиция криминалистеріне, сондай-ақ, делдалдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын аяқтады", - делінген хабарламада.
Экс-полицейлер не үшін сотталды
Құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріне бірнеше айып тағылды: пара алу, пара беру, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, қызметтік жалған құжат жасау, оларды сату және пайдалану, қылмыстық ұйым құру, басқару және оған қатысу, жүргізуші куәліктерін заңсыз беру (144 факті), Қазақстан аумағына қосалқы бөлшектер түрінде кіргізілген 353 автокөлікті заңсыз тіркеу.
Тағы оқыңыз: Алматы облысында депутат пен ұлы сотталды
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгені құрады.
Сот алдына кімдер келді?
Барлығы 38 адам жауапқа тартылды, оның 26-сы – ОҚО ішкі істер департаментінің бұрынғы қызметкерлері.
Қылмыстық іс 1 538 томнан тұрады.
Осы жылдың 11 қарашасында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен А.Жаппаров 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сайрам, Бәйдібек, Мақтарал аудандарының және Түркістан қаласы тіркеу-емтихан бөлімдерінің бұрынғы басшылары Н.Қуанышбеков, Н.Әбдіғалиев, С.Ағабеков және М.Түрегелдиев әрқайсысы 10 жылға сотталды.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда бірнеше полицей бас бостандығынан айырылды
Тіркеу-емтихан бөлімдерінің бұрынғы мемлекеттік жол инспекторлары мен ОҚО ІІД криминалистері, сондай-ақ делдалдар (азаматтық тұлғалар) әртүрлі мерзімге сотталды, кейбірінің бас бостандығы шектелді.
Сотталған лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан және арнайы атақтардан өмір бойына айырылды.