Қоғам

Он жасар оқушының Тоқаевқа хаты: білім министрлігі жауап берді

Он жасар бала хатында каникул күндерін көбейтіп, сабақ кестесінен кейбір пәнді алып тастауды сұрапты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев он жасар алматылықтың хатын оқыды. Онда оқушы білім беру бағдарламасынан күрделі пәндерді алып тастауды және каникулды ұзартуды сұрапты.

Еуразия телеарнасының хабарлауынша, ұлдың хатын оқып шыққан президент тиісті органдарға тапсырма берген. Тоқаев оқушының барлық сұрағына жауап беруді тапсырыпты.  

Мәселен, жақында он жасар Нұрбақыт Ғалымжан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтан сұрақтарына жауап алды.

"Білім министрлігінің жұмысы Нұрбақыт - сенің және сенің достарыңның білімді адам болып өсуіне және Қазақстанның дамуына өз үлестеріңді қосуына бағытталған. Мектеп бағдарламасының барлық пәні маңызды екенін және бір сабақты екінші сабақты білместен оқуға болмайтынын айтқым келеді. "Жаратылыстану" - сені қоршаған ортамен таныстыратын өте қызықты пән.  Ал "Өлкетану" саған өзің туып-өскен жердің тарихы жайлы баяндайды", - деп жазды министр өзінің Facebook парағында.

Ал Нұрбақыт Ғалымжан мемлекет басшысы мен салалық ведомство басшысына жауабы үшін алғысын айтты. Бұған қоса, ол енді қиын сабақтарға басқаша қарауға тырысатынын жеткізді.

Оқушының президентке хаты

Бұған дейін алматылық баланың Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазғаны белгілі болды. Ол хатында Тоқаевтан каникул күндерін көбейтіп, кестеден күрделі пәндерді алып тастауды және мектепте тегін спорт секцияларын ашуды сұрапты.

Он жасар Нұрбақыт Ғалымжан хатында мектепте "Жаратылыстану" мен "Өлкетану" пәндерінен қиналатынын және бұл сабақтардың қажет еместігін айтқан еді.