ОМБЫ, 7 қараша — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шекара бойындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін кеңейтіп, дамыту қажеттігін мәлімдеді.
Қазақстан президенті Омбы тұрғындарына алғысын білдірді
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі инфрақұрылым жаңа талаптарға сай емес.
"Сондықтан жаңғырту жұмысын жүргізу қажет. Трансұлттық дәліздердің рөлі зор. Оның ішінде "Бір белдеу – бір жол" және "Солтүстік – Оңтүстік" мегажобалары бар", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында.
Оның пікірінше, Ресеймен шекаралас аудандарда жаңа өткізу пункттерін ашуға сұраныс артқан.
"Қытаймен мұндай тәжірибе бар. Осыған ұқсас жобаны Өзбекстанмен талқылап жатырмыз. Мен бұл жұмыстың қорытындысы оң болады деген үміттемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай жобалар қос ел арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізіп, транзитті-көлік әлеуетін дамытуды қамтамасыз ететінін атап өтті.