OMБЫ, 7 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында бірлескен кәсіпорындар құруды, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуды және үшінші елдердің нарығына шығуды ұсынды.
Президенттің пікірінше, 2019 жылы қабылданған өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы ынтымақтастыққа айтарлықтай серпін берді.
"23 қазанның өзінде бағдарламаның алғашқы жобасы іске қосылды – Қостанай трактор зауытында жылына 500-ге дейін Кировец тракторлары шығарылады. Жоғары технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы өнімдер шығару бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет", - деп мәлімдеді Тоқаев.
Мәселен, Павлодар, Атырау облыстарының шекаралас аймақтарында алюминий және мұнай-химия кластерлерін дамыту бойынша ресейлік кәсіпорындардың жұмыс істеуіне жағдай жасалған.
"Биыл мен Солтүстік Қазақстан облысында арнайы экономикалық аймақ құруды мақұлдадым. Бұл ынтымақтастық байланыстарын дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бірінші кезекте, бүгін бізді қабылдап отырған Омбы облысына пайдалы",- деп назар аударды Тоқаев.
Ресеймен шекарада жаңа өткізу пунктерін ашу қажет – Тоқаев
Ол сонымен қатар соңғы жылдары үшінші елдердің нарықтарына бірлесіп шығу мәселесі жиі көтеріліп жүргенін атап өтті.
"Алайда әзірге нәтиже жоқ. Мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде біз еркін сауда аймағы туралы, мысалы, Иранмен, Вьетнаммен, Сингапурмен, Сербиямен және басқа елдермен келісімдер желісін кеңейту арқылы базалық жағдай жасай аламыз деп ойлаймын", - деді мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, экспортты қолдау үшін салалық министрліктер, өңірлер мен даму институттары деңгейінде айтарлықтай күш-жігер қажет. Тоқаев сарапшыларды осы мәселе бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар енгізуге шақырды.