НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша– Sputnik. Қазақстанның үшінші санаттағы екі күзет кемесі Омбыда жасалған байланыс құралдарымен жабдықталады.
"Қазақстан кемелер сатып алуды, үшінші санаттағы кемелерді жасауды жоспарлап отыр. Бұл Каспий мүддесі үшін деп ойлаймын. Мұнай мен газды сіздер өндіресіздер, бірақ нақты қандай мақсат екенін мен білмеймін. Десек те, екі кеме құрастырылмақ. Біздің байланыс кешені сонда жеткізіледі. Тарихта бұндай жағдай алғаш рет болып тұр", - деді "Омбы құрал жасау ғылыми-зерттеу институты" АҚ бас директоры Владимир Березовский.
Ол бұлар қарапайым күзет кемелері екенін нақтылады.
"Бұл 2023 жылға қарай жоспарланып отыр. Кемелер ұзақ құрастырылады. Қаржыға қатысты ақпарат менде жоқ", - деді Березовский.
Қазақстан мен Омбы ғылыми-зерттеу институтының қарым-қатынасы жақсы. Бүгінде институт наубайхана жабдығымен, құстарға арналған инкубаторлармен қамтамасыз етеді.
"Сондай-ақ, Петропавл және Павлодар зауыттарымен байланыс орнаған еді. Өкінішке қарай, қатынас әрі қарай дамымады. Дегенмен бүгінгі саммиттен кейін бірлескен кәсіпорын ашуға уақыт келді деп сенемін. Әсіресе, жоғарғы технологиялар саласы: микроэлектроникадан бағдарламалық өнімге дейінгі сектор қамтылуы тиіс деп ойлаймын", - деп толықтырды ол.
Омбы форумы
Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы Омбыда 6 қараша күні басталды.
Бірінші күні жоғарғы технологиялар көрмесі мен панельдік сессиялар өтіп жатыр.
Тағы оқыңыз: Омбы қазақтары ана тілі мен салт-дәстүрін қалай сақтап қалды?
Ал президенттердің қатысуымен пленарлық отырыс 7 қарашада өтеді деп жоспарланып отыр.