ОМБЫ, 6 қараша — Sputnik. Қазақстан мен Ресей шекарадағы жағдайға қатысты бірқатар мәселені шешу жолын қарастырды.
Шекарадағы жағдай
Қазақстан мен Ресейге шекара бекеттерін жаңғыртудың ортақ жол картасы қажет. Мұндай ойымен XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында балалар-жасөспірімдер туризмі қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов бөлісті.
Оның айтуынша, әсіресе, жазда жүк көліктерінің кептелісі екі шақырымға дейін жетеді.
"Бекеттерде бірде-бір сауда орны жоқ. Тіпті су сатып алу мүмкін емес. Егер мемлекет қаражаты жетпесе, мемлекеттік-жеке-меншік серіктестік жағын қарастырайық. Бизнес бұл жерде жұмыс істеуге дайын. Бекеттерде дәмхана сынды қызмет көрсететін орындар болуы тиіс ", - деді Сұлтанов.
Тағы бір мәселе – Еуразиялық одақтағы өзара сауда кезінде кездесетін кедергілер. Оны Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі департаментінің директоры Уәсила Байқадамова көтерді.
"Өкінішке қарай, біздің тауар өндірушілер бірқатар кедергіге тап болады. Бұл олардың тауарларын ресейлік тұтынушыға жеткізуіне шектеу болады. Біз бәсекелес емес, серіктес екенімізді ұмытпауымыз керек", - деді ол.
Алдағы жоспар
Қазақстан Омбымен ауыл шаруашылығы, мұнай-химия және қаржы салаларында байланыс орнатуға ниетті.
Қазақстанның сауда және интеграция министрі Қайрат Төребаев Омбы қаласының ғылыми-техникалық базасы жақсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда біліктілігі жоғары мамандар тапшы.