Саясат

Мемлекет басшысы Айдос Сарым мен Арман Шораевты Ақордаға шақырды

Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысынан кейін кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар президент әкімшілігі мен үкіметте талқыланғанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерін қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

"Қазақстан барысы" даму қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев президентке ішкі және сыртқы туризм саласындағы кейбір қордаланған проблемаларды шешу жолдарын, қазақ күресін халықаралық аренада ұлттық бренд ретінде қалыптастыру жайындағы көзқарасын жеткізді.

Қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым кездесуде Қазақстандағы гуманитарлық ғылымның даму перспективалары, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне оның әсері "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жүзеге асырылуы мен идеологиялық саясаты сияқты мәселелді қозғады.

Мемлекет басшысы Айдос Сарым мен Арман Шораевты Ақордаға шақырды

Ал "Байтақ болашақ" экологиялық альянсы" қоғамдық бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртаевпен кездесу барысында еліміздегі экологиялық ахуал, халықтың экологиялық түсінігі мен мәдениетін арттыру мүмкіндіктері секілді мәселелер талқыланды. Әміртаев шағын және орта бизнесті қолдауға және экологиялық жобаларды іске асыру үшін шетел инвестициясын тартуға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысынан кейін кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар президент әкімшілігі мен үкіметте өткен жиындарда талқыланып, пысықтау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

"Нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Жуық арада кейбір заңнамаларға енгізілетін өзгерістерді пысықтау керек. Содан кейін Ұлттық кеңестің екінші отырысы шақырылады", – деп қорытындылады президент.