Өңірлер

Ақтауда балаға күш қолданған стоматолог қамауға алынды

Бүкіл елді шулатқан стоматолог әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша қамалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Ақтауда тісін емдетуге келген балаға дөрекілік танытып, күш қолданған стоматолог қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әкімшілік іс кеше таңертең түскен. Ондай істер тез қаралады. Судьяның шешімі кешке қарай шықты. Сөйтіп, стоматолог маман бірден қамауға алынды. Дәрігер өз кінәсін толығымен мойындап отыр", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Ақтау қаласының әкімшілік сот мамандары.

Ал Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, стоматолог әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73 бабының 1-бөлігі "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша үш тәулікке қамауға алынды. Бұл бап бойынша 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Ақтауда стоматологтың кабинетінде түсірілген видео тарап, жұрттың наразылығын тудырған болатын. Видеодан дәрігердің мүгедек баланы жұлқылап, күш қолданып жатқанын көруге болады. Кейін ақтаулық стоматолог видеоүндеу жариялап, қазақстандықтар мен баланың туыстарынан кешірім сұрады.