Қоғам

Байығыңыз келсе: қазақстандық маман қандай санның ақша тартатынын айтты

Нумеролог қалтасын қалыңдатқысы келетін жандарға банк картасындағы цифрларға назар аударуға кеңес берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Ай сайынғы табыстың аз, көп болуы банк картасындағы сандарға байланысты десек, біреу сенер, біреу сенбес. Алайда белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы цифрдың адам өмірінде маңызды рөл ойнайтынын алға тартады. Қазақстандық маман әр санға жеке-жеке сипаттама беріп, қандай цифр ақша тартатынын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ең алдымен, банк картасындағы барлық санды бір-біріне қосыңыз. Сонда 1-ден 9-ға дейінгі бір цифр шығады.

Мәселен, 5+1+6+9+4+9+7+1+0+0+5+1+6+5+0+4=63=6+3=9.

Бір

Карта иесін жарылқамайды. Өйткені бұл сан аз ақша шақырады. Табыс, көбіне жаңа идея, жаңа жоба, тың бастамалардан түседі.

Екі

Сәтсіз сандардың бірі. Ақша тез келіп, тез шашылады. Адамдар алды-артын ойламай, эмоцияға беріліп, жұмсап жібереді.

Үш

Үш, керісінше, сәтті цифр. Аз уақыттың ішінде мол ақша жинауға көмектеседі. Қысқа мерзім аралығында капиталыңыз ұлғаяды. Көп жағдайда бизнес пен қосымша табысқа жол ашады.

Тағы оқыңыз: "Нені дұрыс жасамай жүрсіз?" Ақша жинаудың қарапайым 15 тәсілі

Төрт

Ақша жұмсарда, адам көп ойланып-толғанады. Дүкенге кірсе, ақшасын қимай, қалаған затын сатып алмауы мүмкін. Бұл әр тиынды орнымен жұмсап,  үнемшілдікке үйретсе де, адам сараңдыққа бой алдыруы мүмкін.

Бес

Сандардың ішіндегі ең сәтсізі. Тапқан табыс оңды-солды, көбіне-көп көңіл көтеруге, қыдырысқа шашылады. Аяқ астынан шығындар пайда болады. Бес саны шыққандар ақшасын қайырымдылыққа жиі жұмсайды. Әлдекімге жаны ашып, қарызға берген ақшасын қайтара алмай жүреді. Егер банк картасының пин-коды 25, 55, 22 секілді сандар болса, онда ауыстыруға кеңес береміз.

Алты

Бұл сан тұрақтылықты білдіреді. Ақша оңай жолмен емес, адал еңбекпен келеді. Есесіне берекелі болады. Мұндай адамдар, негізінен, ай сайынғы жалақының есебінен байып жатады.

Жеті

Тұрақты келіп, орнымен жұмсалады. Әр тиын, теңгенің жұмсалар орны бар. Бәрі алдын-ала есептеліп қойған.

Тағы оқыңыз: Жасыл бақа, сыпыртқы және өрмекші: Үйге ақша шақыратын ырымдар

Сегіз

Ең жақсы сандардың бірі, шексіздік дегенді білдіреді. Ақшаны магнит сияқты тартады. Кез келген кәсіптің тасы өрге домалап, үнемі пайда көресіз. Табыс жеңіл жолмен келеді. Ойламаған жерден депозит ашып немесе инвестиция салып, қалтаңызды қалыңдатуыңыз әбден мүмкін.

Тоғыз

Бұл цифрдың сипаттамасы – әділ еңбекақы. Еңбегіңіз әрқашан да әділ бағаланады. Жақсы сандардың бірі деуге болады. Банк картасының пин-коды 8 бен 9 сандарынан құралса, табысқа кенелдім дей беріңіз. Бұдан бөлек, 3, 6 және 8 сандары да сәтті комбинация, баюға септігін тигізеді.