Оқиға

Аса ауыр қылмысқа дайындалған: Алматыда мұздай қаруланған жігіт ұсталды

27 жастағы ер адамды тінту кезінде оның "Ауди" автокөлігінен бірнеше мылтық пен оқ тәркіленген. Сондай-ақ күдіктінің қалтасынан пышақ та шықққан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Алматы тұрғынын тінту кезінде 12 калибрлі екі шолақ және тегіс ұңғылы мылтықтар, карабин, 15 оқ-дәрі табылды.

Полицияның мәліметінше, ол аса ауыр қылмысқа дайындалған, деп хабарлады "Астана" арнасы.    

 Полиция заңсыз қаруларды "Думан" ықшам ауданынан тапқан. 27 жастағы ер адамды тінту кезінде оның "Ауди" автокөлігінен бірнеше мылтық пен оқ тәркіленген. Сондай-ақ күдіктінің қалтасынан пышақ та шықты дейді полиция.

Тағы оқыңыз: Шымкенттіктерді үрейде ұстаған қылмыстық топ арнайы операция кезінде ұсталды

"Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қару-жарақты өзінің үйінде және автокөлігінде сақтаған 92 жылы туған Т. есімді азаматты құрықтаған. Бұл азамат аса ауыр қылмысқа бел буған екен, қарақшылық, шабуыл, тонау әркеттерін жасамақшы болған. Бірақ қылмыстық пиғылын жүзеге асырып үлгерген жоқ. Ұсталды", - деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Негізі атыс қаруларының саудасы бойынша Алматы бірінші орында тұр. Осылай деген "Қорамсақ" қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катнов шаһарда лицензиясы жоқ мекемелер тапаншалар мен мылтықтарды оңды-солды сатып жатқанын айтты. 

"Қылмыскерлер негізінен тапаншаға әуес келеді. Қазір пневматикалық қарулар емін-еркін сатылады. Әсіресе ғаламторда. Осыны шектеу керек. Қатаң талаптар қойылуы керек", - дейді ол.

Мегаполиста кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыс та белең алған. Осыдан бір ай бұрын "Аққент" шағын ауданында 15 жастағы бозбала суық қарумен бүтін бір отбасын асыраушысынан айырған еді.

Қалалық полиция департаменті болса, қару-жарақты сақтаған 27 жастағы күдіктіні уақытша оқшау абақтысына қамады.  Ал оның әрекетін қылмыстық кодекстің 287-бабы, 3-бөлігі бойынша қарастырып, тергеуді бастаған.  Оның бұрын бопсалау фактісі бойынша істі болғанын анықтаған.

Ал табылған қарулар сот-баллистикалық сараптамаға жіберілген. Яғни ол қарулардың бұрын қандайда бір қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталмақ.