Фото

Абай мұрасы бізге қалай жетті - фото

Sputnik

Абай Құнанбаевтың есімі қала, көше, музей мен театрларға берілген. Ұлы ойшылдың шығармалары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Дегенмен ақын туралы тарихта ақтаңдақтар көп. Sputnik Қазақстан тілшісі қазақтың ұлы ақынының туған жерінде болып, Абай мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа тарап, бүгінгі күнге қалай жеткенін біліп қайтты.

Абай мен оның айналасындағылар жеке күнделік жүргізбеген. Сондықтан біз ақын өмірі туралы абайтанушылар Көкбай Жанатаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановтың еңбектерінен ғана біле аламыз. Дегенмен Абай мұрасының сақталуына оның жер аударылған достары да көп үлес қосты.

Тағы оқыңыз: Абай ма, әлде Ленин бе? - Ақмола облысындағы атышулы ескерткіштің тарихы

Абай Құнанбаев Семей (бұрынғы Семипалатинск) қаласына алғаш рет он бір жасында келді. Ол сол кезде Ахмет Риза медресесіне оқуға түсті. Құнанбаев ол жерде араб, парсы, шағатай тілдерін оқыды. Бұдан кейін ол орыс мектебіне барып, көпшілік кітапханада білімін шыңдады. Саяси жер аударылған орыс азаматтары - Михаэлис, Долгополов, Гросс, Коншин және Лобановскиймен танысты. Революционер-демократтар Абайға орыс тілін үйретсе, ақын өз достарына қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін таныстырды.

1885 жылы Абай өз үйінен 60-қа жуық экспонатты Семипалатинск қаласының өлкетану музейіне демократ досы Нифонт Долгополов арқылы беріп жібереді. Қазір 17 ең құнды экспонат Семей музейінде тұр, қалғандары Жидебайдағы (Семейден 180 км) Абайдың музей-үйіне тапсырылды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларына қатысты тапсырма берді

Ақынның сақталып қалған заттарының арасында – жеке жазу үстелі, кітаптарға арналған стеллаж, үш ішекті тұмар домбыра, сол кездегі қазақтардың тұрмыстық заттары мен отбасылық құнды бұйымдар бар.

Бір қызығы, бізге Абайдың екі түпнұсқа суреті ғана жеткен. Екеуі де Абай Құнанбаевтың егде жасында – 51 және 56 жасында жасалған. Бұған қоса, 1885 жылғы жазда Абай жазған заңдар жинағы бағалы артефакт саналады. Ол сол кезде төтенше съезде бас судья болған. Дәл сол уақытта патша мен дала заңдары арасында ымыралы құжат қабылданған еді. Абай ауданының тұрғындары сол құжатпен өмір сүрген болатын.

Тағы оқыңыз: Джеки Чан Абайдың өлеңін қытайша оқыды - видео

Жидебайдағы музей-үй – Абай кезінде өзі нобайын жасаған үйдің реконструкциясы. Ол осы үйде өмірінің соңғы он жылында тұрған. Бес бөлмесі, ет сақтауға арналған жеке бөлмесі мен екі дәлізі бар бір қабатты ғимарат сол кезде іргелі құрылыс санатына жатқан.

Музейге жақын жерде Абай, оның інісі Оспан және немере інісі Шәкірім Құдайбердіұлы жерленген мазар орналасқан. Бұл жерге адамдар бүкіл әлемнен келеді. Киелі жерге келген жұрт ұлы ата-бабаларынан көмек сұрап, армандарының орындалуын тілейді. Әрине, бұндай қасиетті жерде әр арманның орындалатынына күмән жоқ.

1 / 13
Абай Құнанбаев туып-өсіп, білім алып, шығармашылықпен айналысқан Абай ауданының картасы.
2 / 13
Абай әрдайым музыкаға жақын болған. Бізге оның халық сүйетін 28 әні жеткен. Дәстүрлі қазақ домбырасы екі ішекті болса, Абайдың тұмар домбырасының үш ішегі бар.
3 / 13
Абай музей-үйіндегі экспонаттар арасында ақынның тіс протезі де бар.
4 / 13
Абайдың жазу үстелі. Ойшылдың жеке заттары Абайдың көрегендігі мен оның жер аударылған достарының арқасында бізге жеткен. Ақын түрлі жылдары достарына жиһаз бен тұрмыстық заттарын жіберіп отырған. Ал олар өз кезегінде заттарды музейлерге жөнелткен.
5 / 13
Ұлы ақынның музей-үйі Семейден 180 километр қашықтықта, Абай ауданы Жидебай ауылында орналасқан. Бұнда ойшылдың қыстағы мен үйі орналасқан. Ақын дәуіріндегі құнды жәдігерлер мен отбасылық заттар осы жерде жинақталған.
6 / 13
ЮНЕСКО бастамасымен Абайдың 150-жылдығына орай Жидебайда "Еуразия құрлығының орталығы" ескерткіш белгісі орнатылды. Ол қазақ ақыны әрі философ мұрасының дүниежүзілік маңызына назар аударту үшін қойылды. Ал негізі құрлықтың ортасы бұл белгіден 150 километр жерде, Шығыс Қазақстан аумағында орналасқан.
7 / 13
Абайдың қасында оның інісі Оспан жерленген.
8 / 13
Екі ұлы қазақ – Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердіұлы жерленген Жидебайдағы мемориалдық кешен.
9 / 13
Бүгінге дейін Абай Құнанбаевтың екі суреті ғана жеткен. Екеуінде де ұлы ойшыл егде жасында жақындарымен бірге түскен. Бұл солардың бірі. Бұнда ол ұлдары Ақылбай және Тұрағұлмен бірге түскен.
10 / 13
Екінші фото 1903 жылы қайғылы оқиғалар кезінде жасалған. "НКВД" комиссарлары ақынның үйін тінтіп, Жидебайдағы Құнанбаевтар үйінде болғандардың бәрін суретке түсіріп алған.
11 / 13
1869 жылы Абайдың өз ұлы Мағауияға жазған хаты. Хатта отбасылық жағдай жайлы айтылған.
12 / 13
Абай талантты ақын ғана болған жоқ. 1885 жылы жазда ол төтенше съезде бас судья болды. Сол кезде қазақ ойшылы құрастырған заңдар жинағы қабылданды. 73 баптан тұратын жинақ патша мен дала заңдары арасындағы ымыралы құжатқа айналды.
13 / 13
Абай Семипалатинск қаласында тұратын жер аударылған көптеген орыспен дос болды. Әсіресе, ақын Чернышевскийдің шәкірті – Евгений Михаэлиспен жақсы қарым-қатынаста болды. Олардың достығы Әуезовтың "Абай жолы" романында да суреттелген. Бұл шығармада Михаэлис Михайлов деген кейіпкер боп жазылған.