Қоғам

Әлеуметтік желіде шулап жатқан ата-аналарға білім министрлігі жауап берді

Әлеуметтік желіде оқушылардың білімін бағалаудың жаңа жүйесінен бас тартуға қатысты қызу талқы жүріп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мектептегі бағалау жүйесіне шағымданып жүрген ата-аналарға жауап берді. 

"Критериалды бағалау жүйесі қалады, бірақ өзгереді. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрінің тапсырмасымен министрліктің жанынан жұмыс тобы құрылды, онда критериалды бағалау жүйесін жетілдіру жолдары талқыланады. Талқылаулар жүріп жатыр, ұсыныстар түсуде", - деп жазды Каринова өзінің Facebook парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, талқылауға мұғалімдер де белсене атсалысып келеді. Олар өзара пікір алмасып, жаңа жүйенің негізгі мәселелерін талқылайды. Алайда барлығы бірдей ескі жүйеге оралуға болмайтынын айтып отыр. Себебі бұрын фактологиялық білімге басымдық берілді. Ондайда оқушыларға өңделген және дайын материалдар ұсынылды.

Былайша айтқанда, ақпараттық білім беру басым болған. Ал критериалды бағалау жүйесі баланың ойлау дағдылары мен алған білімін қаншалықты қолдануға қабілетті екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұрынғы және жаңа жүйенің жүктемесі бірдей, бірақ критериалды бағалаудың артықшылықтары көп. Оқушылар "4" пен "5"-ке жұмыс істемейді, ұпай жинау арқылы оқу бағдарламасын меңгеруге тырысады. Осының арқасында білімнің сапасы да артады.

Тағы оқыңыз: Аймағамбетов білім министрлігі қайта құрылатынын мәлімдеді

"Ескі жүйе кезінде бастауыш сынып мұғалімдері күн сайын дәптерлерді тексерді. Қазақ пен орыс тілдері, математика, физика, химия мен биология мұғалімдері үшін солай болды. Себебі орта және жоғары сыныптарда жазбаша, зертханалық және практикалық жұмыстар көп. Бүгін осы мұғалімдер БЖБ мен ТЖБ тексеру кезінде қиындық көріп жатқан жоқ. Әрине, бұрын жазбаша жұмыстары болмаған және оқушылардың ауызша жауаптарын ғана бағалауға үйренген пән мұғалімдер қиналады", - дейді Каринова.

Вице-министр ата-аналарды жақсы түсінетінін айтқан. Себебі олар өздері ескі бағдарламамен оқып, "3", "4", "5" сияқты бағаларға әбден үйренген.

Бүгінде министрлік бекіткен ережеге сәйкес, БЖБ мен ТЖБ саны күніне 3-тен аспауы тиіс. Ал оқушыларға шамадан тыс салмақ түсірмеу үшін оларды тапсырудың икемді кестесін жасауға болады.

"Шынын айту керек, іс жүзінде барлығы ережеге сай жасалмайды. Осыған орай, біз курстар, семинарлар, тренингтер арқылы педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Бізге ең бастысы оқушыларды оқыту процесін қолдауға және ынталандыруға бағытталған бағалаудың жаңа жүйесінің ерекшеліктерін педагогтарға, ата-аналарға түсіндірген маңызды", - деп жазды Каринова.