Өңірлер

Елімізде көмір қанша тұрады

Республика бойынша бір тонна көмірдің орташа құны белгілі болды. Ең қымбат көмір Оралда, ең арзаны Семей қаласында тіркелген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Қазақ радиоларының жаңалықтар қызметі республикадағы көмір бағасына шолу жасады. Республика бойынша бір тонна көмірдің орташа құны 12 мың 400 теңге.

Ең қымбат көмір Оралда (18 мың 500 теңге), ең арзаны Семей қаласында (8 мың 660 теңге) тіркелген.

Елімізде көмір қанша тұрады

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, өңірлердегі көмірдің қыркүйек айындағы бағасы келесідей: Нұр-Сұлтанда тоннасына 12296 теңге, Алматыда 14000 теңге, Шымкентте 13900 теңге, Ақтөбеде 13500 теңге, Көкшетауда 12517 теңге, Қарағандыда 9786 теңге, Қостанайда 12407 теңге, Қызылордада 14067 теңге, Оралда 18500 теңге, Өскеменде 9695 теңге, Павлодарда 11149 теңге, Петропавлда 11238 теңге, Семейде 8660 теңге, Талдықорғанда 12780 теңге, Таразда 13640 теңге. 

Тағы оқыңыз:"Сарыарқаның" көгілдір отыны: астанада газға қосылу ақысы қанша болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын Үкімет пен әкімдерге көмір бағасын реттеуді, бағаны негізсіз өсіретін арадағы алыпсатарлардың жұмысын жөнге келтіруді тапсырды.

Тапсырмадан кейін ұлттық экономика министрлігі көмір бағасын қадағалауға алған. Аталған ведомствоның бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің баспасөз хатшысы Мадина Айсинаның сөзінше, қазір көмір бағасы биржалық сауда талаптары арқылы бекиді. Президент тапсырмасынан кейін бұл талаптарды қатаңдату мәселесі қолға алынған.

«Бүгінгі күні коммуналдық тұрмыстық көмірдің 60 пайыздан астамын өндіруші компаниялар тауар биржасы арқылы өткізеді. Көмір бағасы тауар биржасында қалыптасады. Монополияға қарсы орган сөз байласушылық белгілерін анықтау мақсатында жұмыс топтарын құрды. Осы жұмыс топтары аясында бірнеше мәселе қарастырылып, ұсыныстар енгізілуде. Соның бірі ретінде биржалық сауда талаптарын қатаңдату шаралары ұсынылуда» - деді Мадина Айсина.

Көмір тапшылығы

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметкері Дәулет Самбетбаевтың сөзінше, қазір елорда мен Ақтөбе облысында көмір тапшылығы сезіледі. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласына бір жылға қажетті көмірдің 50% ғана жеткізілген.

«Ақтөбе облысы мен бас қалада көмір тапшылығы байқалады. Жоспарға сәйкес, тек Ақтөбе облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында халықты көмірмен қамтамасыз ету көрсеткіштері тиісінше 30% және 49,5%. Алайда осы әкімшіліктердің берген мәліметіне сай, бұл көрсеткіш жоспарлы түрде орындалуда» - деді Дәулет Самбетбаев.

Бағаның өсуіне әсер ететін фактордың бірі – тасымалдау жұмысы. Қара отынның бағасы елді мекеннің алыс-жақын болуына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында көпшіліктің сұранысына ие Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 12 мың теңге.

Аталған көмір бас қаламен іргелес жатқан Қараөткел елді мекеніне жеткенде 15 мың теңгеге саудаланады. Мұны көмір тасымалдаушылар да растап отыр.

«Биыл да көмір аз. Сондықтан баға қосып сатушылардан алуға мәжбүрміз. Сату қоймаларында көмір бағасы арзан болса, халыққа да арзанға жетер еді», - дейді көмір тасушы Азамат Ахметов.

Осы аптада президент үкіметке көмір, ет өнімдері, әлеуметтік нан бағасын бақылауға алуды бірнеше рет тапсырған болатын.