НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті Томирис Байсафаның ісін бақылауына алды.
Бұл туралы өзінің Instagram парақшасында қыздың анасы Жанна Ахметова хабарлады. Ол мемлекет басшысына алғыс білдіріп, тергеу қалай жүріп жатқанын жазды.
"Мені қабылдап, істі зерттеп, тереңірек қарауға тапсырма бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Менің қайғыма көңіл бөлгеніңіз үшін рақмет", - деп жазды Ахметова әлеуметтік желіде.
Қызынан айырылған әйел істі тергеу өте қиын жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, көшедегі камералардың видеосы "жоғалып" кеткен. Тиісті сараптама жүргізілмей жатыр.
"Президент араласқан соң, қазіргі уақытта іс Ресейдің тергеу комитетінің бас тергеу басқармасына берілді. Тергеу тобы құрылып, жаңа тергеуші тағайындалды", - деп жазды Жанна Ахметова.
Ол тергеудің әділ болатынына сенім білдірді.
Мәскеуде көз жұмған қазақстандық қыздың ісі
Төртінші курс студенті 21 жастағы Томирис Байсафа 13 сәуір күні ММХКИ оқу корпусының төртінші қабатындағы терезеден құлап кеткен болатын. Қыз ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, ол 3 мамырда көз жұмды.
Томиристің туыстары оның өлімі кездейсоқ трагедия емес деп есептейді. Өйткені тергеудің бірінші кезеңінде төтенше жағдай болған сәтте бөлмеде оның курстасы болғаны анықталған.