НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан — Sputnik. Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин Тәуелсіз мемлекеттер достастығы үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Жиын Мәскеудегі "Сколково" инновациялық орталығында өтті.
Шағын құрамда тараптар бірқатар маңызды мәселені талқылады.
"Қызметтер саудасы, алмасу жөніндегі келісімшарт жобасы солардың қатарында", - деді Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев.
Кеңейтілген құрамдағы форматта тараптар құжаттарға қол қойды. Бұған дейін стандартизация, монополияға қарсы реттеу және радионавигацияны дамыту мәселесі басты назарда болатыны хабарланған еді.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Ресей Қазақстан үшін неге маңызды екенін айтты
Премьер-министрлер қол қойған құжаттарға сәйкес, ТМД-ның жеке Олимпиадасы болады. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің алғашқы ойындары келер жылы Ресейде өтпек.
ТМД Олимпиадасының басты мақсаты - ұлттық спорт түрлерін сақтау және халықаралық деңгейде насихаттау. Сайыс екі жылда бір рет өткізілмек. Ойынды өткізетін ел орыс тіліндегі әліпби тәртібімен анықталады.
Қатысушылар ұйым аясындағы интеграцияны тереңдетуді ұсынды. ТМД-дағы төрағалық 2020 жылы Өзбекстанға беріледі. 2019 жылы Түрікменстан төрағалық етуде.