НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь басшысы Александр Лукашенконың шағын құрамдағы кездесуі аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жаңа ғана жабық шағын форматта негізгі проблемалық мәселелер жайлы сөйлестік. Өйткені ең жақын елдердің өзара қарым-қатынасында қайткен күнде де талқылауды, нақтылауды, ең бастысы, шешім қабылдауды қажет ететін мәселелер туындайды", - деді Тоқаев.
Қазақстан президенті келіссөздер нәтижесінде екі ел өте маңызды уағдаластыққа қол жеткізетінін атап өтті. Олар жуық арада жүзеге асады.
"Біз екі мемлекет арасында сауда көлемін ұлғайтуға, гуманитарлық салада өзара байланысты нығайтуға, халықаралық ұйымдарда белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделіміз", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, кездесу қорытындысы бойынша келісімге қол қойылады, сондай-ақ, екі президент бірлескен мәлімдеме жасайды.
Тағы оқыңыз: Лукашенко Тоқаевтың саясаты қандай екенін айтты
"Менің ойымша, бұл елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде алға жасалған өте маңызды қадам" – деді Қазақстан басшысы.
Беларусь президенті достас Қазақстанға келу мүмкіндігі үшін Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
"Бүгінде Беларусь пен Қазақстанның қарым-қатынасы елдеріміздің стратегиялық мүдделеріне толығымен сай келеді. Бұл келешеккке маңызды жоспар құруға мүмкіндік беретін ұзақ жылғы жұмыстың жемісі", - деді Лукашенко.
Ол Минск пен Нұр-Сұлтан арасындағы сенім деңгейі кез келген мәселені ашық талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, Лукашенко шағын құрамдағы кездесуде не талқыланғанын айтты.
Тағы оқыңыз: Беларусь Алматы облысында сүт фермасын салады
"Біз бүгін шағын құрамда экономика саласына басымдық бердік. Себебі екі ел арасында саясат, әскери-техникалық ынтымақтастық, дипломатия салаларында түйіні тарқамаған түйіткілдер жоқ деуге болады", - деді ол.
Бұдан бөлек, Лукашенко Қазақстанды Беларусьтің негізгі сауда серіктесі деп атады. Айтуынша, үш жыл ішінде екі мемлекет арасында тауар айналымы екі есеге артқан.
Еске сала кетсек, Беларусь президенті Александр Лукашенко 24 қазанда Қазақстанға екі күндік ресми сапармен келді.
Таяуда Қазақстан-Беларусь бизнес форумы өтіп, 74 миллион доллардың 15 келісіміне қол қойылды.