Қоғам

Сәкен Сейфуллинге қатысты алыпқашпа әңгімеге нүкте қойылды

Сауытбек Әбдірахманов мемлекет қайраткерінің әйелдермен қарым-қатынасын жасырып-жабудың қажеті жоқ деп санайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов ақын және жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинге қатысты алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әбдірахманов жазушының туғанына 125 жыл толуына арналған "Сәкен Сейфуллин: тұлға және уақыт" атты халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасады. Сол жерде Сейфуллинің өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректермен бөлісті. Осыдан кейін жазушыға қатысты тағы бір маңызды мәселені көтерді.

"Енді, Сәкенге қатысты алыпқашпа сөздер айтылып жатады. Соның ішінде әйелдермен қарым-қатынасы жайлы әңгімелер де бар. Мұнда жасырып-жабатын ештеңе жоқ. Барлығы – табиғи жәйт, өркениетті елдерде бұның барлығына түсіністік танытады. Сондай сымбатты Сәкен, сондай сұлу Сәкен, сондай сырлы Сәкен, ақын Сәкен ән шығарды. Қалай біреулердің көзінің құрты болмасын? Сондықтан оған түсіністікпен қарауымыз қажет", - деді Әбдірахманов.

Осы орайда депутат кеңес заманы кезіндегі әскери қолбасшы Константин Рокоссовскийге қатысты Сталиннің бір әңгімесін еске түсірді. Депутат оны орыс тілінде жеткізді.

Тағы оқыңыз: Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровке ескерткіш орнатылады – елорда әкімі

"Сталинге айтады дейді, "Товарищ Сталин, что делать с Рокоссовским? - А что с ним? - Да, он ведет себя как-то, увел актрису на фронт, держит ее месяцами. Сонда Сталин бір сұрақ қойыпты: "А как воюет товарищ Рокоссовский? - Воюет он отлично, второй белорусский фронт уже приближается к границе, берет город за городом. Сталин үндемей отырады. Одан тағы сұрайды. " Так что будем делать, товарищ Сталин?" Сонда Сталин "Завидовать будем" депті. Сол айтқандай, бұл табалайтын, күлетін нәрсе емес. Егер мүмкіндігіміз жетсе, ақылымыз жетсе, осындай тұлғаларымызға қызыға қарап, қызғана қарап қана жүруіміз керек", - деп атап көрсетті Әбдірахманов.