Өңірлер

Атырау облысында сәбилердің неден шетінегені белгілі болды

Өңірде тоғыз айдың ішінде бір жасқа дейінгі 156 сәби шетінеген, оның ішінде 98 бала облыстық перинаталдық орталығында көз жұмды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Тоғыз айдың ішінде Атырау облысында бір жасқа дейінгі 156 сәби шетінеген. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Атырау облысы биыл нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. 9 айдың ішінде облыста бір жасқа дейінгі 156 сәби шетінеген, оның ішінде 98 бала облыстық перинаталдық орталығында көз жұмды. Қалған 54-і басқа медициналық ұйымдарда, ал төртеуі үйде шетінеген",- деді Бюрабекова орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысында нәресте өліміне қатысты жүргізілген тексерістің қорытындысы туралы брифингте.

Айтуынша, сәби өлімінің негізгі себептері – перинаталдық кезеңдегі жағдай, инфекциялық аурулар, туа біткен кемістіктер және жазатайым оқиғалар.

Тағы оқыңыз: Баланың көзін жой: Атыраулық дәрігердің телефонын тыңдағандар есеңгіреп қалды

Бұдан бөлек, Бюрабекова Атырау облысында нәресте өлімі тамыз бен қыркүйек айларында өскенін атап өтті.

"Осыған байланысты тамызда шетінеген 26, ал қыркүйекте көз жұмған 16 сәбидің медициналық картасына егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Шетінеген сәбилердің арасында 73,4 проценті – шала туғандар. Медициналық карталар мен гистологиялық материалдардың талдауынан көргеніміздей, тамызда Атырау облыстық перинаталдық орталығын инфекция жайлаған. Санитарлық-эпидемиологиялық режим сақталмағандықтан, қыркүйек айында туған сәбилер де ауруханадан инфекция жұқтырған. Эпидемиологиялық тергеу нәтижесі осы фактіні растап отыр", - деді ол.

Айта кетсек, Атырау перзентханасында тоңазытқыштағы бала өлімінен кейін денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен комиссия құрылды.

Комиссия құрамына 26 маман – тәуелсіз сарашылар, министрлікке қарасты ғылыми институттардың өкілдері кірген. Оны денсаулық сақтау вице-министрі басқарды. Комиссия 5-18 қазан аралығында жұмыс істеді.