Өңірлер

Үш өңірде дабылды ескерту жарияланды: ертеңге арналған ауа райы болжамы

Қазақстанның үш өңірінде желдің екпіні секундына 28 метр болады деп күтіліп отыр. Кей жерлерде қар жаууы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан — Sputnik. Қазақстанның басым бөлігінде антициклон әсерінен күн жауын-шашынсыз болады. Тек батыс, солтүстік-батыс пен солтүстікте күн құбылмалы, кей жерлерде жаңбыр мен қар жаууы мүмкін.

Кейбір өңірде жел күшейіп, тұман болады. Солтүстік-батыс пен солтүстікте – көктайғақ, солтүстікте – бұрқасын жел.

Дабылды ескерту

Ақмола облысында тұман мен көктайғақ. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні – секундына 15-20 метр.

Қостанай облысында да тұман, көктайғақ күтіліп отыр. Оңтүстік-батыстан 18 м/с жел соғады.

Солтүстік Қазақстан облысында 23-24 қазанда бұрқасын, тұман болады. 23 қазанда оңтүстік-батыстан жылдамдығы 15-20 м/с жел соғады. Кей жерлерде екпіні 25 м/с-ке дейін жетеді. 24 қазан күні желдің жылдамдығы 23-28 м/с болуы мүмкін.

Өңірлердегі ауа райы

Қостанай, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман болады. Желдің екпіні – 15-20 м/с. Қостанай, Ақмола облыстарында көктайғақ күтіліп отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Жел түнде 15-20, кей жерлерде 25 м/с-ке дейін күшейеді.

Павлодар облысында да көктайғақ күтіліп отыр. Желдің екпіні секундына 15-20 метр.

Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, түнде және күндіз Қарағанды облысының кей жерлерінде тұман болады.  

Түнде Түркістан облысында 1 градус үсік жүреді.

Ірі қалалардағы ауа райы

Шымкентте күн ашық. Күндіз – 15-17 градус, түнде – 5-7 градус жылы.

Алматыда да сәрсенбі күні жауын-шашынсыз. Күндіз 11-13 градус жылы болады деп күтіліп отыр. Түнде 3-5 градус жылы.

Астанада күн бұлтты, жауын-шашынсыз. Ауа температурасы 2-4 градус жылы, түнде 2 градус 0-ден төмен.