Қоғам

"Адам басына аяғын қойып, фотоға түсті": Сириядан келген жігіт әрекетін түсіндірді

Сириядан қайтарылған қазақстандық террористік ұйым мүшелерінің бәрі өлген адамдармен фото мен видеоға түсетінін айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Астанадағы сотта ИГИЛ*-дың құрамында болған 14 қазақстандықтың ісі қаралып жатыр. 33 жастағы сотталушы Аманжол Жансеңгіров бірінші болып жауап берді. Ол прокурордың дәйектеріне жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Түске дейінгі отырыста прокурор Еділ Мұрат сотталушылардың Сириядағы әрекеттері жайында айта келе, қарулы қақтығыстан кейінгі бір жағдайды мысалға келтірді. ИГИЛ* террористік ұйымының мүшелері жеңіліске ұшыраған төрт адамның басын кесіп тастап, қала көшелерінің біріне жұрт үрейін тудыру мақсатында жеті тәулікке тастап кеткен.

"Террористік топ мүшесі Жансеңгіров осы бастардың жанында тұрып, оның бірін аяғымен басып, қолына атыс қаруын ұстап тұрып, суретке түскен. Ол сурет ғаламтор арқылы көпшілікке тарап кеткен", - деді прокурор.

Түстен кейінгі отырыста Аманжол Жансеңгіров өз әрекетін түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, террористік топтың серкелері жаңа мүшелерді әдейі видео мен фотоға түсіріп отырған. Сөйтіп, өз еліне қайтпасын деп, ғаламторға жүктеп жүрді. Ал видео мен фотоға түсуден бас тартатындарды бірден "тыңшы" деп, ату жазасына кескен. Көбісі өз балалары мен әйелдері үшін қорыққан. Сол себепті фото-видеоға түсуге мәжбүр болды.

Тағы оқыңыз: Қазақ жігіттерінің Сирияда немен айналысқаны әшкере болды

"Сол күнгі қақтығыстан кейін көп адам тұрып, фотоға түсіп жатты. Көп адам тұрғасын, мен де бардым. Ол жердің менталитеті сондай, барлығы өлген адамдармен фото мен видеоға түседі. Менің қасымда әскери әмір Сад болды. Ол маған енді барып сен түс деді. "Неге?" дедім. Мен сенің әскери әміріңмін деп жауап берді. Айтқанымды тыңда, бар тұр деді. Мен тұрдым. Сосын аяғыңды қой деді. Аяғымды қойдым. Қолыңды көтер де, күл деді. Бірақ мен ол фотоны интернетке салған емеспін. Олар өз телефондарына түсірді, артынан өшіреміз деді", - деді Жансеңгіров.