НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан — Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға сапары барысында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Зеленскийді сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
"Мен күн сайын Украинада болатын өзгерістерді назардан тыс қалдырмаймын. Сіздердің еліңіздегі жағдайға бей-жай қарамаймын. Бұл менің екі жыл Украинада оқуыммен ғана байланысты емес. Тәуелсіздік алған күннен бастап Украинаның барлық президентімен жақсы таныс болдым ", - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Ол ахуалды бейбіт жолмен реттеудің маңыздылығын атап өтті.
"Сізді халық үлкен сеніммен сайлады. Алға қойған жоспардың бәрін жүзеге асыруға мүмкіндік бар", - деді Назарбаев.
Тағы оқыңыз: Кездесу кезінде Зеленский Лукашенконы "шошытты" – видео
Владимир Зеленский болса, Украина да Қазақстанға әрдайым қолдау көрсететін жеткізді.
Зеленский Нью-Йоркте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен танысқаны туралы айтты. Ол Назарбаевты Украинаға шақырды.
Бұдан бөлек, тараптар тауар айналымын арттыру және екі ел арасындағы байланысты нығайту мәселесін көтерді.
Еске сала кетсек, Елбасы Жапония астанасына император Нарухитоның таққа отыру рәсіміне барған болатын. Салтанатты рәсім 22 қазанда Император сарайында өтеді.