Өңірлер

Бір кабинетте отыратын әріптесін зорлады деген күдікке ілінген дәрігер ақталып шықты

Сот кезінде куәгерлер мен медициналық сараптаманың нәтижесі расталған жоқ. "Немолчи.kz" қозғалысы дәрігердің ақталып шығуына прокуратураны кінәлап отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада болған оқиғаға қатысты сот үкімі шықты. Медбикені зорлағаны үшін жазаға тартылған дәрігер ақталып шықты. Бұл ақпаратты Әл-Фараби аудандық соты растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, күдіктінің кінәсі дәлелденген жоқ. Ал тергеу шаралары кезінде бірқатар тәртіп бұзушылыққа жол берілген. Осыған байланысты полиция департаменті басшысының атына жеке қаулы шығарылды. Оған сәйкес, тергеушіге қатысты қызметтік тексеріс жасалуы шарт.

Сот кезінде куәгерлер мен медициналық сараптаманың нәтижесі де расталған жоқ.

Бүгін "Немолчи.kz" қозғалысы да сот үкіміне қатысты өз мәлімдемесін жариялады.

"Нефролог дәрігердің ақталып шығуына тергеу мен прокуратура кінәлі. Тергеу органдары ештеңе істеген жоқ. Сол себепті дәрігер жазадан құтылып кетті. Сот-медициналық сараптама бір аптадан кейін жасалды. Ал куәгерлердің барлығы аурухананың өзінен шақырылды. Прокуратура қайда қарады?", - дейді ұйым белсенділері. 

Мәлімдемеге сәйкес, бас кезінде дәрігер өз кінәсін мойындаған. Оның сөзі видеоға да түсірілген. Алайда сотта ол өз сөзінен бас тартып, мүлдем басқа жерде болғанын мәлімдеді. Аурухананың бейнекамералары түсірген видео материалдар жоғалып кетті. Күдіктінің кешірім сұрап жатқан видеосы іске қосылған жоқ. Аурухана басшылығы зардап шеккен медбикеге қысым жасап, ымыраға келуді талап еткен.

Тағы оқыңыз: 100 мың теңге ұсынды: Павлодарда екі баланың әкесі дәрігерді зорлап тастады

Қозғалыс мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа үндеу жасап, осы істі жеке бақылауға алуды сұрады.

Еске сала кетсек, 18 сәуір күні облыстық клиникалық аурухананың медбикесі полицияға арыз жазды. Айтуынша, 16 сәуір күні оны бір кабинетте отыратын әріптесі жұмыс орнында зорлаған.

Тергеу ұзаққа созылып, іске "НеМолчи.KZ" қоғамдық қозғалысының лидері Дина Смаилова араласты.

Ақыры резонанстық іс сотқа жетті. Айып тағылған нефролог дәрігер ауруханадан сәуір айында шығарылған. Алайда дәрігерлік қызметін тоқтатпаған, қазір жекеменшік медициналық орталықта жұмыс істейді.

Тергеу барысында ол кінәсін бірде мойындап, бірде бас тартқан.