Қоғам

Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық жігіт 5 жылға сотталуы мүмкін

Оқиға орнынан ізін жасырып, кейін Сеулге өз еркімен барған 20 жастағы қазақстандық Чангвон қаласының тергеу абақтысында отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық азамат 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Смадияровтың айтуынша, қазақстандық жігітке бірнеше айып тағылған.

"Бұл оқиға орнынан қашып кету, көлік тіркеу ережесін бұзу, сақтандыру және жүргізуші куәлігінің болмауы. Оңтүстік Корея полицейлерінің мәліметінше, ол 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе айыппұл салынуы ықтимал", - деді ол сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Смадияров бұл оқиға қоғам назарын өзіне аудартқанын және сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

"Біздің Оңтүстік Кореядағы консулымыз тергеушілермен кездесті. Бұдан бөлек, Қазақстан азаматымен де екі рет жолықты. Оның ешқандай шағымы жоқ. Жергілікті тергеу тарапынан қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Оған мемлекеттік адвокат берілді. Қазір жеке қорғаушы жалдау мәселесі қаралып жатыр", - деді министрліктің ресми өкілі.

Тағы оқыңыз: Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық өз еркімен Сеулге барды

Еске сала кетсек, оқиға осы жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Кореяда болған.  20 жастағы қазақстандық дүкеннен шығып, үйіне бара жатқан 7 жасар баланы қағып кеткен. Салдарынан баланың басына қан құйылған.

Автокөлік оқиға орнынан бірнеше шақырым жерден табылды.

Жергілікті полиция күдіктінің келесі күні Инчхон әуежайынан ұшып шыққанын хабарлады. Кейінірек қазақстандық жігіттің Павлодарда жүргені анықталды.

14 қазанда Қазақстан азаматы өз еркімен Сеулге барды. Қазір ол Чангвон қаласының тергеу абақтысында отыр.