Sputnik Қазақстан үйлену тойларында жиі шырқалатын хит әндердің үздік бестігін ұсынады.
Екі сағатта жазылған "Той жыры"
Қазақтың үйлену тойларының сәнін келтіретін хит әндердің бірі – "Дос-Мұқасан" тобының "Той жыры" әні. Десе де, бұл туындының шығу тарихын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
"Той жыры" сонау 1970 жылы дүниеге келген. Әнді "Дос-Мұқасан" тобы солист Мұрат Құсайыновтың үйлену тойының құрметіне жазыпты.
Ойын-сауыққа арнап жазылған ән Мұрат Құсайыновтың көңілінен шыққаны соншалық, ол бұл әнді халыққа тыңдатуға бел буады.
Жас жұбайлар гимні
Қазақтың кез келген шаңырақ көтеру тойы "Жар-жарсыз" өтпейді.
"Жар-жар" әнінің авторы ұмыт болғандықтан, ел аузында халық әні делінеді. Алайда, той әнінің әуені халықтікі болғанмен, мәтінін белгілі ақын Әбдірахман Асылбек жазған. 1959 жылдың күзінде ақын досының үйлену тойына арнап бір түнде осындай тамаша ән шығарады
Қыз ұзату тойының бойтұмары – "Ақ келін"
Белгілі эстрада әншісі Гаухар Әлімбекованың "Ақ келін" әні де қазақтың тойларында жиі орындалады.
"Дискотека из 90"
Соңғы кезде хитке айналған әндердің бірі – "Дискотека из 90". Әнді Raim & Artur ретінде танымал жас артистер Артур Давлетьяров пен Райымбек Бақтыгереев орындайды.
Бір қызығы, былтыр осы әнге түсірілген бейнебаян қазақстандық музыкалық бейнеклиптердің ішінде Youtube-те ең көп қаралған клип болды. Бір жарым жыл ішінде ролик 52 миллион рет қаралған, он мыңнан аса пікір жазылған.
Ғашықтар жыры
"Дос-Мұқасан" тобының "Ғашықтар жыры" қазақ тойларының көркін қыздырып, сәнін келтіріп жүрген әндердің бестігінде. Бұл композиция алғаш рет 1981 жылы дүниеге келген. Музыкасын топ солисі Мұрат Құсайынов, ал сөзін белгілі ақын Тұманбай Молдағалиев жазған.