НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пәтерді жалға беру нарығын реттеп, баспана құрылысының өзіндік құнын жүйелі түрде төмендету керек екенін айтты.
Сейсенбі күні Ақордада мемлекет басшысының төрағалығымен экономикалық мәселелер жөніндегі кеңес өтті. Президент бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Тоқаевтың баспасөз қызметі.
"Әрбір қазақстандық пәтерді жалға немесе сатып алу мүмкіндігі мен шарттарын анық түсінуі тиіс. Бұл үшін баспананың қолжетімділігіне қатысты шарттарды анықтау керек. Құрылыстың өзіндік құнын жүйелі түрде төмендетіп, көппәтерлі және жеке баспананың аражігін ажыратып, пәтерді жалға беру нарығын реттеу керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баспана жайы елдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет баспананы қолжетімді ете түсу үшін бірқатар бағдарламаны іске қосты. Оған сәйкес, кейбір тұрғындар жалға берілетін пәтерге ие болады немесе пәтерді жеңілдікпен сатып алады.
Тағы оқыңыз: "Шұғыл өзгеріс енгізуі тиіс": Тоқаев кеңесте маңызды мәселені көтерді
Ақордада өткен отырыста елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы, ақша-кредит саясатын жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы мен әлеуметтік мәселелер талқыланды.