Әлем

Омбы Тоқаев пен Путинді қарсы алуға қалай дайындалып жатыр?

Қос мемлекет басшысының келуіне байланысты қала билігі жолдарды жөндеуге кіріскен. Бұл мақсатқа миллиардтаған қаржы бөлініп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан — Sputnik. Омбы облысының губернаторы Александр Бурков Қазақстан мен Ресейдің алдағы уақытта өтетін өңіраралық форумына дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты

XVI өңіраралық форум 6-7 қарашада Омбы қаласында өтеді. Форумға қос елдің президенті мен 600-ден астам делегат қатысады.

Омбы Тоқаев пен Путинді қарсы алуға қалай дайындалып жатыр?

Губернатордың айтуынша, жолдарды қалыпқа келтіруге және ғимараттың сыртын жаңартуға 1,1 миллиард рубль (шамамен 6,6 миллиард теңге) бөлініпті.

"Омбы қонақтарды күтіп алуға дайын. Форум аясында 5 панельді сессия нақтыланды. Қазақстандық тараптың бастамасымен әйелдер арасындағы кәсіпкерлік тақырыбын талқыға салдық. Сыйлы меймандарды қарсы алу үшін қаланың бет-бейнесін өзгертіп жатырмыз. 169 үйдің қасбетін жаңартып, жолдарды жөндеудеміз. 2,5 мың шам ауыстырдық. Қала жарық, таза болу үшін жұмыс істеп жатырмыз", - деді Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген қала басшысы Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Александр Бурков Қазақстан мен Ресей үшін бизнес саласында ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ, ол елордадағы "Астана" халықаралық қаржы орталығымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар қаржы технологиясы және "жасыл" қаржыландыру саласындағы қарым-қатынастың болашағы зор екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстан мен Ресей шекарасындағы кептеліске сыртқы істер министрі түсініктеме берді

Губернатор кәсіпкерлерді Қазақстанның салық жеңілдіктері қызықтыратынын айтты.

"Қазақстан біз үшін көршілес мемлекет. Бір-бірімізді ұзақ уақыттан бері танимыз әрі түсінеміз. Бұл жерде омбылық кәсіпкерлер үшін айтарлықтай тәуекел көріп тұрған жоқпын", - деді Александр Бурков.