Экономика

Смайылов мемлекет ақшасын игермеген министрліктерді атады

Бюджет, негізінен, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу мен орындалған жұмыс актілерін уақытында ұсынбау салдарынан игерілмей қалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов 9 айдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетті игермеген мемлекеттік органдарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Смайыловтың айтуынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің шығыстары 8 триллион 541 миллиард теңгені құраған.

"Орындалмау сомасы 14,3 миллиард теңгені құрады. Оның 5,7 миллиард теңгесі үнемделді. 8,6 миллиард теңге игерілген жоқ. Бұл 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда бес есе аз", - деді министр үкімет отырысында.

Осы орайда ол мемлекеттік бюджетті ең көп игермеген органдарды атады.

"Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 1,5 миллиард теңге, жоғарғы сот – 1,2 миллиард теңге, мәдениет және спорт министрлігі – 992 миллион теңге, сауда және интеграция министрлігі – 947 миллион теңге", - деді Смайылов.

Айтуынша, игерілмеудің негізгі себептері –  конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін уақытылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну.

"Қаржы министрлігі жыл басынан бері бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің уақытында міндеттеме қабылдауын және қаражатты игеруін қадағалап отырды. Осы жұмыстың нәтижесінде нақтыланған республикалық бюджет жобасында 130 миллиард теңге қайта қаралып, бөлінді. Біраз қаражат оңтайландырылды", - деді ведомство басшысы.

Смайыловтың ақпаратынша, жергілікті бюджет шығыстары 4 триллион 165 миллиард теңгені құраған. Орындалмағаны – 29 миллиард теңге.

Тағы оқыңыз: Досаев енді кімдерге кредит берілмейтінін айтты

"Есепті кезеңде өңірлерге 1 триллион 71 миллиард теңге нысаналы трансферттер аударылды. Жергілікті деңгейде оның 99%-і немесе 1 триллион 60 миллиард теңгесі игерілді. Орындалмағаны – 11 миллиард теңге, оның ішінде 4 миллиард теңгесі үнемделген ақша. 7 миллиард теңге игерілген жоқ", - деді ол.

Игерілмеген қаржы жағынан Алматы қаласы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды областары облыстары көш бастаған.