Оқиға

Маңғыстауда қолы мен көзінен айырылған сарбаз миллиондаған айыппұл төлеуі мүмкін

Полигондағы оқиғаны ішкі істер министрлігінің тергеу тобы тергеп жатыр. Қаралып жатқан болжамдардың бірі – әскери қызметшінің қауіпсіздік талаптарын бұзуы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Желіде Маңғыстау облысындағы полигонда граната жарылысынан зардап шеккен әскери қызметші 6 миллион теңге айыппұл арқалауы мүмкін деген ақпарат тараған. Бүгін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев осыған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқиға осы жылдың 20 шілдесінде болған еді. Маңғыстау облысындағы полигонда өткен оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, № 99116 әскери бөлімнің екі сарбазы зардап шекті. Олардың біреуі қолы мен көзінен айырылған.

"Маңғыстау облысындағы полигонда болған оқиға бойынша. Мұны қорғаныс министрлігі емес, ішкі істер министрлігінің арнайы құрылған тергеу тобы тергеп жатыр. Тергеу тобының жұмысы аяқталғанға дейін ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Оған құқығым жоқ. Бірақ әртүрлі болжам қаралып жатыр", - деді Ермекбаев үкімет кулуарында.

Тағы оқыңыз: "Басын қатерге тігіп жатыр": қорғаныс министрі қазақстандықтарға үндеу жасады

Айтуынша, қаралып жатқан болжамдардың бірі – әскери қызметшінің қауіпсіздік талаптарын бұзуы.

"Егер бұл болжам дәлелденсе, онда әскери бөлімнің келтірілген шығынды қайтаруды талап етуге құқығы бар. Алайда қазір бір нәрсе айту ертерек. Тергеу аяқталғаннан кейін нақты қарайтын боламыз", - деді министр.

Ол зардап шеккен әскери қызметшіге барлық қажетті көмек, ең алдымен, медициналық және психологиялық жәрдем көрсетіліп жатқанын атап өтті.