Қоғам

"Сөздік керек емес": Шымкенттік шопыр шет тілін қалай үйренуге болатынын айтты

Шымкент тұрғыны Марат Сатыбалдиев шет тілін үйренудің өзіндік әдістемесін ойлап тапты. Оның арнайы білімі жоқ. Бірақ шетелдік компанияда көлік жүргізушісі қызметіне орналасқаннан кейін ағылшын тіліне деген қызығушылығы оянған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik, Арман Асқар. Шымкент тұрғыны өзінің 25 жылдық тәжірибесі негізінде ағылшын тілін меңгерудің тың тәсілін әзірледі. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген инноватор жаңа жүйенің артықшылығы туралы айтып берді.

"Мен 90-жылдардан бері мұнай саласында жұмыс істеп келемін. Әлі есімде, Қазақстанға алғашқы шетелдіктер келгенде біз үшін олар басқа планетадан келген адамдар сияқты болатын. Ол кезде ағылшын курстары деген атымен жоқ. Университетке түссең ғана оқуға болады. Ал менде уақыт болмады", - дейді Сатыбалдиев.

Бас кезінде жас көлік жүргізушісі қатты қиналды. Артынан негізгі сөздерді жаттап алды. Бос уақытта кітапханаға барып, тіл үйреніп жүрді. Осыдан бес жыл бұрын оны операторлық қызметке ауыстырған.

"Енді, бір салада қажетті сөздерді жаттап алсаң, жұмыс істеуге болады ғой. Бірақ кешке қарай шетелдіктермен бірге отырып, әңгіме айтқанда қатты қиналады екенсің. Себебі ойды емін-еркін жеткізу қиын. Сөз қорың тез таусылып қалатын. Содан тіл үйренуге ден қойдым. Осылайша, бос уақытта 5 000 сөзді жаттап алдым", - деді Сатыбалдиев.

Бір рет күлкілі жағдай болған екен. Марат ағылшындардың Гитлерге қатысты ойын білгісі келген. Содан сөзбен жеткізе алмағаннан кейін қолын созып тұрып, "Хайль Гитлер!" деген ғой. Шетелдіктер қазақ жігітіне аң-таң болып, қарады да қалды. Бүгінде ондай қиындық жоқ. Марат өз ойын еркін жеткізе алады. Тіпті, өз тәжірибесі негізінде ағылшын тілін үйренудің әдістемесін де ойлап тапты.

Сөздік пайдаланудың қажеті жоқ

"Осы әдістің басты ерекшелігі сол, адам шет тілін өздігімен үйрене береді. Оны басқа тілдерді меңгеру үшін қолдана беруге болады. Қысқа уақыттың ішінде сөздік қорды әжептәуір байытуға мүмкіндік бар. Мәселен, жұмыс істеп жүрген адам бір айдың ішінде 400 сөзді жаттай алады", - дейді Сатыбалдиев.

"Сөздік керек емес": Шымкенттік шопыр шет тілін қалай үйренуге болатынын айтты

Әдістеменің өзі өте қарапайым және сөзді құр жаттауға басымдық бермейді. Бір қызығы, сөздікті пайдаланудың қажеті жоқ. Себебі адам тілді диалог үлгісінде жазылған сөйлемдер арқылы меңгереді. Ал сөздердің аудармасы, сондай-ақ кирилл қарпімен жазылған транскрипциясы қатар беріледі.

"Диалогтар осы шақта жазылған. Соның арқасында адам басын қатырмай, бірден дұрыс сөйлесуге үйренеді. Кітаптың өзін альбом форматында шығарған дұрыс. Сонда диалогтың сөйлемдері бір жолға сыяды", - деп атап көрсетті автор.

Трафарет не үшін керек?

Жаңа әдістеме бойынша алдымен орыс тіліндегі сөйлем жазылады. Екінші жолда ағылшын тіліндегі транскрипциясы кирилл қарпімен беріледі. Ал ең соңында ағылшын тілінде түпнұсқасы көрсетіледі. Бұдан бөлек, зат есім, етістік, сын есім мен есімдік әртүрлі түспен боялады. Сонда адам визуалды түрде әрбір сөздің айырмашылығын түсініп, тілдің негізгі құрылымын жылдам жаттай алады.

"Тілді меңгеруді төменгі жолдан, яғни түпнұсқадан бастау қажет. Адам алдымен ағылшын тіліндегі сөйлемді өзі оқып көреді. Сосын кирилл қарпімен жазылған транскрипциямен әріптерді дұрыс оқуды меңгереді. Енді, бізде кирилл қарпін бәрі біледі ғой. Сол себепті онымен транскрипцияны тез үйренуге болады. Ал үстіңгі жолда сөйлемнің аудармасын бірден оқып алуға болады", - деп түсіндірді Сатыбалдиев.

Тағы оқыңыз: "Айлығым – мың доллар": астаналық ұстаз жоғары жалақысы туралы айтты

Тілді үйренгенде арнайы трафаретті де пайдалану қажет. Онымен аударма мен транскрипцияны жауып, түпнұсқаны қаншалықты дұрыс оқығаныңды тексеріп отыруға болады. Сондай-ақ, қанша сөздің есте қалғанын да есептеп отыруға мүмкіндік бар.

"Сосын трафаретте ағылшын тіліндегі дұрыс емес етістіктердің барлық үш формасын да жазуға болады. Адам оны күнде көріп, біртіндеп жаттай береді. Негізі, бұл әдістемемен бір емес, бірнеше адамның тіл үйренгені дұрыс. Себебі сөйлемдер диалог түрінде жазылған. Мысалы, бір отбасының мүшелері өздігімен диалог жүргізіп, тілді меңгере алады. Актерлік шеберлікті де қосуға болады. Адам отбасының ортасында ұялмайды ғой. Импровизация жасап, ишара белгілерді қолданса, тілді үйренуге деген қызығушылық арта түседі", - дейді автор.

Қағазды үнемдеуге болады

Автор жаңа әдістемені тұтас кітап үлгісінде емес, бөлек-бөлек альбом парақтарымен шығаруды ұсынып отыр. Қағаз парақтарды бекіткіш ұстайды. Сөйтіп, әрбір сабаққа қажетті диалогты алып, трафаретпен оқи беруге болады.

"Ондай кітаптың бағасы да арзан болады. Өйткені тұтас бір жинақты сатып алудың қажеті жоқ. Адам өзіне керек диалогтың қағаздарын алып, трафаретпен оқи береді. Сосын басқа біреумен ол қағаздармен алмаса алады. Осылайша, ақшаны үнемдеуге болады. Жалпы, осы әдістеме арқылы кез келген адам әрбір сөзді қай жерде және қандай жағдайда пайдалануға болатынын тез үйренеді", - деп атап көрсетті Сатыбалдиев.

Оның ойынша, жаңа әдістемені компьютерлік ойын үлгісінде де шығарса, өте қызықты болады. Мәселен, тура сол диалогтың сөйлемдері жазылады, ал ағылшын тіліндегі түпнұсқаның тек алғашқы әрпі ғана беріледі. Ол сөзді дұрыс жазса, екіншісі шығады. Ондайда тілді үйренуге мотивация болады. Автор жаңа әдістемесін "Бәйтерек" деп атауды қалайды.

P.S. Жақында Марат Сатыбалдиев Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауы арқылы өз әдістемесін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке таныстырды. Министр әдістемеге алдымен талдау мен сараптама жасау қажеттігін айтты. Бірақ авторға ешкім хабарласқан жоқ. Министрліктің өзіне де барып көрді. Алайда нәтиже болмады.