НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік органдардағы бюрократиялық келеңсіздіктер мен қағазбастылық мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілісте "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында депутаттар заң жобасында "Жас маман" жобасын жүзеге асыруға қаржыландыру азайғанына назар аударды.
Белгілі болғандай, бағдарламаны жүзеге асыру тәртібін айқындайтын ережелер уақытында бекітілмегендіктен, қаржы қысқартылған.
Нығматулин тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев "Жас маман" бағдарламасын әзірлеуді осы жылдың 23 қаңтарында, Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде тапсырғанын еске салды. Айтуынша, арада тоғыз ай өтсе де, үкімет тапсырманы орындауға кіріскен жоқ.
Тағы оқыңыз: "Мынау масқара ғой": Нығматулин мәдениет министрлігіне шүйлікті
"Тапсырманың орындалмауының басты себебі – сол баяғы қағазбастылық. 23 қаңтарда тапсырма берілді. 31 мамырда, төрт ай өткеннен кейін, осы бойынша үкімет қаулысы қабылданады. 1,5 беттік қаулыны үкімет төрт ай бойы жазып, келіскен. Содан кейін, тағы бір жарым айдан соң білім және ғылым министрлігінің ережелер жобасы әзірленген. Ол тағы екі ай бойы үш министрлік арасында келісілген. Тек 27 қыркүйекте жобаны жүзеге асыру тәртібін бекітетін білім министрінің бұйрығы шықты. Сосын оны әділет министрлігі тіркеген. Қарап отырсақ, бір құжатты келісуге тоғыз ай кеткен. Міне, министрліктің жұмыс істеу стилі. Осы уақыт аралығында әйел дүниеге бала әкеліп үлгереді. Ал сендер бір бұйрықты әзірлей алмай жүрсіңдер", - деп ашуланды спикер.
Нығматулин мұны бюрократиялық келеңсіздік пен қағазбастылықтың айқын көрінісі деп атады.
"Жастар жылы аяқталуға тақап қалды, ал сендер енді оянып жатсыңдар. Осы жобаның аясында еліміздің барлық облысында студенттер сұранысқа ие 100 мамандық бойынша білім алуы тиіс еді. Алайда жоба әлі басталған да жоқ. Ал мына миллиардтаған қаржы осы уақыт бойы ешкімге керексіз болып жатты", - деді төменгі палата төрағасы.
Ол білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен тәртіп орнатуды өтінді.
"Асхат Қанатұлы, министрлікке енді келгеніңізді бәрі біледі. Қызметке кіріскеніңізге үш-төрт ай ғана болды. Бұл проблема сізге мұраға қалып отыр. Қазір осы мәселені қолға алғаныңыз жақсы, әрине. Қай бағытта жүру керек екенін біліп отырсыз. Сізден тәртіп орнатуды өтініп сұраймын. Министрлікте осыған қай вице-министр жауапты болғанын анықтаңыз", - деді Нығматулин.
Спикер егер кінәлі адамдар "Nur Otan" мүшесі болса, парламенттік фракция партия басшылығына оларды жауапқа тарту ұсынысымен жүгінетінін атап өтті.
"Әріптестер, біреудің енжарлығы мен жауапсыздығын жай ғана кешіре салуға болмайды. Әсіресе, ел басшылығы мен партияның тапсырмаларын орындауға қатысты сөз болғанда", - деді мәжіліс төрағасы.
Білім министрі Нығматулиннің айтқанымен толықтай келісті. Аймағамбетов кінәлі адамдар жазасыз қалмайтынына сендірді.
Тағы оқыңыз: Білім министрі оқуды қызыл дипломмен бітірген мұғалімге жұмыс тауып берді
Айта кетсек, биыл 23 қаңтарда Қазақстанның сол кездегі президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке "Жас маман" бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.
Мақсат – жаңғыртылған оқу орындары базасында ең қажет индустриялды-сервистік 100 мамандық бойынша мамандар даярлау. Бұдан бөлек, Назарбаев заманауи технологиялармен жабдықталған 10 үздік колледж қажет екенін де атап өткен еді.