Елорда тынысы

Көлгінов Тоқаевтың алдында маңызды мәселені көтерді

Көлгінов осыдан алпыс жыл бұрын салынған аурухананың жайы туралы айтты. Әкім ғимарат әбден ескірген, жабдықтардың 45 проценті тозған деп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Астанадағы ескірген Орталық теміржол ауруханасының жаңа ғимараты бой көтереді. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Денсаулық сақтау саласында проблемалар баршылық. Қазір ең басты мәселе – 1959 жылы салынған Орталық теміржол ауруханасы болып тұр. Аурухана әбден ескірген, жабдықтардың 45 проценті тозған. Корпус апатты жағдайда", - деді Көлгінов астананы одан әрі дамыту жөніндегі жиында.

Әкім үкіметтік деңгейде түркиялық инвестормен кездесу өткенін атап өтті. Айтуынша, шетелдік инвестор өз ақшасына жаңа ғимарат салуға ниет білдірген.

"Жер телімін анықтадық, саяжайларды сүреміз. Келесі жылы инвесторға аумақты дайындап қоямыз. Ол салуға дайын. Бұл бізге ауруханадағы 600 орынның мәселесін шешуге көмектесер еді", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Жаңа үйлердің бәрі қирап жатыр – Нұр-Сұлтан әкімі

Сондай-ақ, қала басшысы тұрғындардың өмір сүру ұзақтығына тоқталды.

"2018 жылдың қорытындысы бойынша өмір сүру ұзақтығы 76,2 жас. 1998 жылмен салыстырғанда, он жылға артқан", - деді Көлгінов.

Бұдан бөлек, үш жыл ішінде негізгі көрсеткіштер төмендеген, атап айтсақ, сәби өлім-жітімі, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім азайған.