Өңірлер

"Бәрі жылап жүр": сәби өлімінен кейін перзентхана дәрігерлері арыз жазды

Атырау облыстық перинаталдық орталығында тірі туған нәресте құжатта өлі деп жазылған болатын. Құжатты бүлдірмеу үшін перзентхана қызметкерлері сәбиді тоңазытқышта қалдырып кетті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Атырау облыстық перинаталдық орталығының 31 қызметкері өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Облыстық әкімдіктің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаевтың айтуынша, бүгінде перзентхана қызметкерлерін бәрі кінәлап жатыр. Олар осы психологиялық қысымға шыдамай, өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазған.

"Облыстық перзентханада 62 адам жұмыс істейді. Қазіргі кезде 31 қызметкер жұмыстан кету туралы өтініш жазды. Өйткені қоғам тарапынан қысым жасалуда, әлеуметтік желілерде оларды кінәлап жатыр. Бәрі жылап жүр, көңіл-күйі жоқ. Тергеу әлі аяқталған жоқ қой. Соған қарамастан, бәрі дәрігерлерді кінәлауда. Мамандар есеңгіреп қалды. Содан барып, кетуге арыз жазған", - деді Ерментаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, 31 қызметкердің бәрі – мықты мамандар. Олар кетуге арыз жазса да, әзірше жұмыстарын атқарып жүр. Денсаулық министрлігі, басқарма мен кәсіподақ мүшелері олармен сөйлесіп, жұмыста қалдыруға тырысып жатыр.

Қылмыстық іс қалай қозғалды?

Өткен аптаның соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шұғыл брифинг өткізіп, Атырау облыстық перинаталдық орталығында болған жағдайдың мән-жайын жариялады.

Агенттік төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдоланың сөзіне қарағанда, перзентханада туған сәби тірі болған. Алайда дәрігерлердің салғырттығынан құжатта өлі деп жазылып кетті. Олар қатені түзетпеу үшін шақалақты тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен.

Тағы оқыңыз: Нәресте тоңазытқыштан табылды: оқиғаның мән-жайы

Бұл жағдай Атырау облыстық перинаталдық орталығының жетекшісіне қатысты басқа істі тексеру кезінде анықталған. Бұған дейін медициналық мекеменің басшысы жемқорлыққа байланысты ұсталғаны хабарланған болатын.

Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 317-бабына сәйкес қозғалды. Бұдан кейін 99-бапқа ("Қасақана адам өлтіру") өзгертілді. Кінәсі дәлелденсе, орталық жетекшісі 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Атырау облысында бала өлімі көбейген

Қазақстан президентінің әкімшілігі Атырау облысында сәби өлім-жітімін азайтуға байланысты тапсырма берді. Қазір денсаулық сақтау вице-министрі, тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы бастаған комиссия Атырауда жүр.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңірге медицина университеттері ғылыми орталықтарының жетекші мамандары жіберілетінін айтты. Жан-жақты, толық талдау жүргізіледі. Өйткені Атырау облысында нәресте өлім-жітімінің артуы тамыз айында байқалған.

Министр Қазақстанда жылына 2,5 мыңға жуық сәби шетінейді деген ақпаратты айтты. Жыл басынан бері 2200 нәресте шетінеген. Өлім-жітім ең көп Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарында тіркелген.