Спорт

Дәурен Абаев спорт саласына басшылық қызметке келді

Qazaq kuresi федерациясының экс-президенті Арман Шораев Дәурен Абаевтың арқасында қазақ күресі одан әрі танымал бола түсетініне сенім білдірді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Qazaq kuresi ұлттық федерациясын басқарады.

Федерацияны алты жыл бойы басқарған Арман Шораев өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеп, ұйымның жаңа президентін таныстырды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев кадрлық ауыс-түйіс жасады 

"Бүгін менің Qazaq kuresi федерациясына басшылық еткеніме алты жыл толды. Біздің кезекті есеп беру конференциямызда Дәурен Әскербекұлы Абаев Qazaq kuresi ұлттық федерациясының президенті болып сайланды", - деді "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Шораев Дәурен Абаев тұңғыш президенттің баспасөз қызметінде жұмыс істеп жүргенде де, министр болғаннан кейін де федерацияға жобаларды жүзеге асыруда әрқашан үлкен қолдау көрсеткенін атап өтті.

"Мен "Қазақстан Барысы", "Еуразия Барысы" - бұл журналистер ойлап тауып, жоғары деңгейге көтерген жобалар деп айтқанды жақсы көремін. Дәурен Абаевтың жұмысының арқасында Qazaq kuresi әрі қарай дами береді деп ойлаймын", - деп түйіндеді Арман Шораев.

Qazaq kuresi – ежелгі спорт түрлерінің бірі болып саналатын қазақтың ұлттық күресі. ЮНЕСКО қазақ күресін адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізді.

2017 жылдың ақпанында 35 елден келген федерация жетекшілері Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) халықаралық қазақ күресі федерациясының құрылтай конгресіне жиналды, онда Qazaq kuresi халықаралық федерациясының жұмысы бекітіліп, қазіргі энергетика министрі Қанат Бозымбаев президент болып сайланды.